Алматының Наурызбай ауданындағы Шұғыла шағынауданының тұрғындары электр жарығының жиі сөнуіне шағымданды. Олардың айтуынша, жарық бірнеше рет өшіп, қайта қосылған. Тұрғындар осының салдарынан тұрмыстық техникалары істен шығуы мүмкін деп алаңдап отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Тоңазытқыштарымыз күйіп кететін болды»
Электр жарығының жиі сөнуіне қатысты шағымдар әлеуметтік желіде жарияланды. Жергілікті тұрғындардың бірі аз уақыт ішінде жарық үш рет өшіп, қайта қосылғанын айтты. Оның сөзінше, мұндай жағдай дүкендегі тоңазытқыштардың істен шығуына әкелуі мүмкін.
«Шұғылаға не болды? Жарықты үш рет өшіріп, қайта қосты. Дүкеніміздегі тоңазытқыштардың бәрі күйіп кететін болды ғой. Ешкім реттемей ме?» – деп наразылығын білдірді тұрғын.
Басқа тұрғындар да бұл жағдайға көңілі толмайтынын жеткізді.
«Жаппай жарықсыз қалғыларыңыз келе ме? Алматыда бәрі мүмкін», – деп жазды желі қолданушыларының бірі.
Тағы бір алматылық шағынауданда жарықтың қайта сөнгенін айтып, қаланың тағы қай бөлігінде электр қуаты ажыратылғанын сұрады.
Әкімдік не дейді?
Наурызбай ауданының әкімдігі электр жарығының сөнуіне апаттық жағдай себеп болғанын растады. Апаттың мән-жайын анықтап, электр қуатын қалпына келтіру үшін оқиға орнына РЭС-3 аудандық электр желілері қызметінің бригадасы жіберілген.
«Электр қуаты апаттық жағдайға байланысты ажыратылды. Электрмен жабдықтау шамамен 4–4,5 сағатта қалпына келтіріледі», – деп хабарлады әкімдік.
Әзірге жөндеу жұмыстарының нақты қашан аяқталатыны белгісіз. Сондай-ақ, қанша үй мен тұрғынның жарықсыз қалғаны туралы ақпарат берілген жоқ.