Ресейдің Сыртқы істер министрлігі рэпер Navai (Наваи Бакиров) ұсталғаннан кейін Қазақстанға жолданған дипломатиялық нотаға қатысты пікір білдірді. Ведомствоның ресми өкілі Мария Захарованың айтуынша, бұл – шетелде жүрген Ресей азаматтарының құқығын қорғау үшін қолданылатын қалыпты рәсім, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мария Захарованың айтуынша, ресейлік дипломаттар өз азаматтары қандай жағдайға тап болса да, оларға көмек көрсетуге міндетті.
Алайда консулдық қызметкерлер істің мән-жайын тергеп-тексеруге немесе ұсталған адамның әрекетіне құқықтық баға беруге тиіс емес.
– Мұндай жағдайда дипломатиялық нота жолдау – қалыпты рәсім. Бұл шетелдегі жергілікті билік органдарымен дипломатиялық хат алмасу арқылы байланыс орнатудың негізгі жолдарының бірі, – деп түсіндірді Захарова.
Ол шетелде жүрген Ресей азаматтарының құқығын қорғау мемлекеттің міндеті екенін, бұл талап Ресей Конституциясы мен заңдарында бекітілгенін атап өтті.
Еске салайық, рэпер 13 қазаннан 14 қазанға қараған түні Қазақстандағы «Қордай» шекара бекетінде ұсталған.
Бұған дейін хабарланғандай, музыканттың көлігін тексеру кезінде полиция қызметкерлері есірткі табылғанын мәлімдеген. Әнші есірткіні контрабандалық жолмен алып өтуге оқталды деген күдікке ілінген.
Ол ұсталғаннан кейін Астанада өтеді деп жоспарланған концерті тоқтатылды.
15 қазанда сот рэперді екі айға қамауға алу туралы шешім шығарғаны белгілі болды.
Осыдан кейін Ресейдің Алматыдағы Бас консулдығы Қазақстан билігіне дипломатиялық нота жолдап, әншінің ұсталуына қатысты ақпарат беруді сұраған.