Өскемендік 19 жастағы Камир Нұрғалиевтің туыстары Ресейдің Ульяновск қаласында оны ұрып-соғып, қорқыту арқылы әскери келісімшарт деп түсіндірілген құжаттарға қол қойғызғанын айтты. Қазір оның қайда екені отбасына нақты белгісіз. Жас жігіттің анасы Қазақстан Сыртқы істер министрлігіне жүгінді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жайы
«Уральская неделя» басылымының жазуынша, 15 қазанда Камир Telegram арқылы немере ағасына басқа біреудің аккаунтынан хабарлама жіберген. Оның жеке телефонын тартып алған.
Камирдің айтуынша, бейтаныс адамдар микроавтобуспен көшеде оның және досының жолын бөгеген. Оларды ұрып-соғып, Ресей Қорғаныс министрлігімен келісімшартқа қол қоймаса, үстінен есірткі тауып алған болып көрсететіндерін айтып қорқытқан.
Жас жігіт бүкіл денесі көгергенін жазып, туыстарынан өзіне көмектесуді өтінген.
Анасы Аленаның айтуынша, ұлы өзінің қайда екенін «далада» деп сипаттаған. Сондай-ақ оларды «оқуға» Ростовқа алып кетпекші екенін хабарлаған.
Жұмыс істеу үшін Ресейге кеткен
Көктемде колледжді бітіргеннен кейін Камир ақша табу үшін Ресейге барған.
– Ақша тапқысы келді. Ересек болғысы келген шығар, – деді анасы.
Тамызға дейін ол Гагарин қаласындағы «Папа может» шұжық өндіретін кәсіпорында жұмыс істеген. Кейін досына бару үшін Ульяновск қаласына кеткен.
Анасының айтуынша, ұлы елге қайтуды жоспарлаған. Отбасы Қазақстан Сыртқы істер министрлігіне өтініш жолдады. Туыстары Камирді тауып, оның жағдайын анықтауды, қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және елге оралуына көмектесуді сұрайды.
Оларға Қазақстанның Қазан қаласындағы консулдығынан хабарласып, көмек көрсетілетіні айтылған.
Камирдің анасы отбасы ұлын тауып үлгергенше, оны майданға жіберіп қоя ма деп қорқады.
Контекст
Бұған дейін Ресейге жұмыс істеуге барып, Украинадағы соғысқа тап болған тоғыз қазақстандықты Воронеж қаласына, ұрыс аймағынан алып шыққаны хабарланған еді. Бұл туралы олардың отбасыларына көмектесіп жүрген заңгер Мейірман Шекеев айтқан.
Жастар Ресейге күзетші және ет комбинаттарында жұмыс істеу үшін барғандарын мәлімдеген. Алайда оларға еңбек келісімшарттарының орнына әскери келісімшарттарға қол қойғызған.
Олардың Қазақстанға қашан оралатыны әзірше белгісіз.