×
$
447.94
€
502.32
₽
5.52
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
447.94
€
502.32
₽
5.52

Мәжілістен көңілі қалған Ринат Зайытов Қорғаныс министрлігіне барды

Бүгін, 11:00
Мәжілістен көңілі қалған Ринат Зайытов Қорғаныс министрлігіне барды
Ulysmedia коллажы

Бұрынғы мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Қазақстанның Қорғаныс министрлігінде жаңа қызметке тағайындалды. Ол жұмысқа кім шақырғанын және неліктен депутаттық қызметке оралғысы келмейтінін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Министр жұмысқа шақырған

Мәжілістен кеткеннен кейін Ринат Зайытов Қазақстан Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының бастығы болып тағайындалды. Ол бұл туралы YouTube-тегі Adal ADAM арнасына берген сұхбатында айтты. Бұрынғы депутаттың сөзінше, оған мұндай ұсынысты қазан айының басында Қорғаныс министрлігінің жаңа басшысы Айдос Мырзахметов жасаған.

– Орталықтың қарамағында әскери ансамбль, оркестр бар. Сондай-ақ патриоттық және мәдени іс-шаралар ұйымдастырады. Жалпы, орталықтың жұмысы әскери қызметшілер мен әскерге шақырылуға дейінгі жастағы жастардың бойында патриоттық сананы қалыптастыруға, Отанға деген сүйіспеншілікті нығайтуға бағытталған, – деді Зайытов.

Ол жаңа қызметке қорғаныс саласындағы өзгерістерге байланысты келіскен. Кейінгі оқиғалардан кейін президент әскерде ауқымды реформалар жүргізуді тапсырған. Бұрынғы депутат осы өзгерістерге өз үлесін қосуды ұйғарған.

– Бұл реформалар басталып та кетті. Мен өзгерістерге атсалысқанды ұнататын адаммын. Сондықтан бұл жұмысқа қуана келдім. Жүріп жатқан өзгерістерге аз да болса үлес қосқым келеді, – деп түсіндірді ол.

«Мұндай жұмысқа енді жоламауға тырысамын»

Биыл шілдеде жаңа Конституция күшіне еніп, парламенттің құрылымы өзгергеннен кейін Ринат Зайытов Мәжілістен кетті. Біраз уақыт демалған соң, қыркүйекте қайтадан жұмысқа кіріскен.

Депутаттық қызметтегі жылдарын еске алған Зайытов парламенттегі жұмыс көңілінде жағымсыз әсер қалдырғанын мойындады.

– Мен үшін бұл ауыр кезең болды. Бұдан кейін мұндай жұмысқа енді жоламауға тырысамын. Өйткені ол жерде жауапкершілік өте жоғары. Ал орасан зор еңбек еленбей қалса, адамның көңілі қалады. Уақыт өте келе жұмыс істеуге деген ынта да жоғала бастайды, – деді ол.

Контекст

Ринат Зайытовтың тағайындалуы Қорғаныс министрлігіндегі ірі кадрлық өзгерістерден кейін болды. Өзгерістер Каспий теңізінде болған қайғылы оқиғадан соң басталды. 24 қыркүйекте «Хазар қорғаны – 2026» әскери оқу-жаттығуы кезінде 14 әскери қызметші қаза тапқан.

Осы оқиғадан кейін президент қорғаныс министрі Дәурен Қосановты қызметінен босатты. Оның орнына Айдос Мырзахметов тағайындалды. Бұдан кейін Бас штаб бастығы мен Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысын қоса алғанда, бірқатар жоғары лауазымды әскери қызметші қызметінен кетті.

Қорғаныс министрлігін тексеру Аида Балаева басқаратын арнайы комиссияға тапсырылды. Жоғары аудиторлық палата да ведомство шығындарына жоспардан тыс аудит жүргізе бастады.