Атырауда оқушымен жеке хат алмасқаны үшін қызметінен босатылған Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғаліміне қатысты тың деректер жарияланды. Оқушының туыстарының айтуынша, оқиға көпшілікке жария болғаннан кейін мұғалімнің басқа да оқушыларға қатысты әдепке жат әрекет жасауы мүмкін екені туралы тағы сегіз дерек анықталған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оқушының әпкесі бұл жағдай жұртқа жария болғаннан кейін мұғалімге қатысты өзге де деректер белгілі бола бастағанын айтты.
– Оқиға жария болған соң, осы мұғалімнің мектептегі кәмелетке толмаған балаларға қатысты дәл осындай әрекетке баруы мүмкін екенін көрсететін тағы сегіз дерек анықталды, – деп жазды ол.
Қыздың айтуынша, осы мәліметтерден кейін отбасы мұғалімнің мұндай әрекетіне жалғыз оның сіңлісі тап болмаған болуы мүмкін деп күдіктеніп отыр.
Дегенмен тағы сегіз жағдайға қатысты ақпарат әзірге оқушының туысы айтқан мәліметке негізделген. Құқық қорғау органдары бұл деректерді ресми түрде растаған жоқ.
Оқушының туысы мектептің тәртіптік комиссиясы мұғалімді жұмыстан шығару туралы шешім қабылдағанын да айтты.
Отбасына жеткен ақпаратқа сүйенсек, оның алдағы уақытта білім беру мекемелерінде жұмыс істеуіне жол бермеу жөнінде де шешім қабылданған. Алайда мұндай тыйымның енгізілгені әзірге ресми түрде расталмады.
Қыздың сөзінше, мектептің педагогикалық ұжымы мұғалімнің әрекетін бірауыздан адамгершілікке жат әрі ұстаздық әдепке қайшы деп бағалаған.
Бұған дейін Назарбаев зияткерлік мектептерінің өкілдері Ulysmedia.kz редакциясына ішкі тексерістен кейін мұғаліммен еңбек шарты бұзылғанын растаған еді.
Бұған оның педагогикалық қызметті әрі қарай жалғастыруына сыйыспайтын әдепке жат әрекеті негіз болған.
Оқушының отбасы Атырау полициясына арыз түсірген.
Қыздың туысының айтуынша, қазір болған оқиғаның мән-жайы тергеліп жатыр.
Отбасы істің қалай өрбитінін бақылап, ресми ақпарат шыққаннан кейін тергеу нәтижесін көпшілікке хабарлауға ниетті.
Еске салайық, бұған дейін 2009 жылы туған НЗМ оқушысының әпкесі сіңлісі мен алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімінің арасындағы хат алмасу туралы айтып берген болатын.
Оның сөзінше, мұғалім оқушының телефон нөмірін сыныптасы арқылы алып, қызға жеке хабарламалар жаза бастаған. Кейбір хабарламаларды түннің бір уағында жіберген.
Мұғалім қыздың күнделікті тіршілігін сұрап, тамақ ішкен-ішпегенін біліп, жылы киінуге кеңес берген. Кейін оны кездесуге шақырған.
Оқушы хат алмасуды достарына көрсеткен. Достарының бірі мұғалімге хабарласып, түсіндіруді талап еткенде, ол жай ғана қалжыңдағанын айтқан.
Кейін мектеп басшылығына да осылай деген.
Оқушының отбасы шағымданғаннан кейін НЗМ әкімшілігі ішкі тексеріс жүргізіп, оның қорытындысы бойынша мұғалімді жұмыстан шығарған.