×
$
451.05
€
504.95
₽
5.6
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
451.05
€
504.95
₽
5.6

Обама Трампты жеке басының қамы үшін билігін пайдаланды деп айыптады

Бүгін, 18:08
Обама Трампты жеке басының қамы үшін билігін пайдаланды деп айыптады
GLP мұрағатынан

АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обама Конгреске өтетін аралық сайлауға 10 күн қалғанда Дональд Трампты қатаң сынға алды. Ол қазіргі президентті билікті жеке басының пайдасына пайдаланды деп айыптап, АҚШ-тың Иранға қатысты саясатының нәтижесіне күмән келтірді. Сондай-ақ, Ақ үйдің жаңартылған сән-салтанатты интерьерін келеке етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

24 қазанда Обама Кливленд пен Детройт қалаларында демократтардың сайлауалды жиындарында сөз сөйледі. Reuters агенттігінің мәліметінше, оның сыны негізінен Дональд Трампқа бағытталған. Бұған дейін Трамп америкалықтарды өзі де сайлауға түсіп жатқандай дауыс беруге шақырған еді.

Мичиганда бұрынғы президент Сенатқа үміткер Абдул Эль-Сайедті қолдады. Ол сайлауда республикашыл Майк Роджерспен бәсекеге түседі.

Обаманың айтуынша, 3 қарашадағы сайлау Трамп әкімшілігінің әрекеттеріне белгілі бір шектеу қоюға мүмкіндік беруі мүмкін.

Ол сайлауды Ақ үйдің кейбір шешімдерін тоқтата алатын электр қосқышына теңеді.

– Біз соны басып, үкіметті өз әрекеттері үшін жауап беруге мәжбүрлеуіміз керек, – деді ол.

Жемқорлыққа қатысты айыптаулар

Обама өз сөзінде Трампты президенттік қызметін жеке басының пайдасына пайдалануға тырысты деп айыптады.

Сондай-ақ, ол мемлекет басшысын қолдап отырған Республикалық партияны да сынға алды.

– Біз бұған дейін халықтың есебінен осыншалық ашық пайда табуға ұмтылған президентті көрген емеспіз. Қызметі мен ықпалын жеке мүддесіне пайдалануға соншалық құмар президент те болған емес, – деді Обама.

Оның пікірінше, Республикалық партияның аты жемқорлықпен және тиімсіз басқарумен жиі байланыстырылып жүр.

Reuters агенттігі осы мәлімдемелерге қатысты пікір алу үшін Ақ үйге хабарласқанымен, әзірге жауап ала алмаған.

Обама Иран туралы не айтты?

АҚШ-тың бұрынғы президенті Трамп әкімшілігінің Иранды жеңгені туралы мәлімдемелерін де сынға алды.

Обаманың пікірінше, әскери қақтығыс керісінше Тегеранның әлемдік экономикаға ықпал ету мүмкіндігін кеңейткен.

Ол мұны Иранның Ормуз бұғазы арқылы өтетін сауда кемелеріне шабуыл жасаймыз деген қоқан-лоққысымен байланыстырды. Бұл бұғаз – әлемдік нарыққа мұнай жеткізілетін аса маңызды теңіз жолдарының бірі.

– Енді Иран әлемдік нарыққа мұнай тасымалданатын Ормуз бұғазындағы қозғалысқа іс жүзінде тосқауыл қоя алатын жағдайға жетті, – деді Обама.

Оның пайымдауынша, мұндай жағдай мұнай экспорттаушы елдерге қысымды күшейтіп, Вашингтонның әскери операция сәтті аяқталды деген мәлімдемесіне күмән туғызады.

Қорғаныс министрі мен Ақ үйді келеке етті

Обама сөз арасында мысқылға да орын берді.

Ол АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсетті сынап, оның назарын маңызды мәселелерге емес, мүлде басқа жайттарға аударып жүргенін меңзеді.

Бұрынғы президент Хегсетті «әскерилеріміздің иек пішіні мен тестостерон деңгейі сияқты аса маңызды мәселелерге бас қатырып жүрген адам» деп мысқылдады.

Одан кейін Обама Трамп тұсында жөндеуден өтіп, алтын түстес әшекейлермен безендірілген Ақ үйдің жаңа интерьеріне тоқталды.

– Қазір Ақ үйдің келбеті, құдды бір Саддам Хусейн Cheesecake Factory мейрамханасын ашып алғандай көрінеді, – деп әзілдеді Обама.

Осылайша, ол президент резиденциясының шамадан тыс сән-салтанатқа толы безендірілуін келеке етті.

Сайлау Трамп үшін неге маңызды?

АҚШ-та Конгреске аралық сайлау 3 қарашада өтеді. Америкалықтар Өкілдер палатасының жаңа құрамын және Сенат депутаттарының бір бөлігін сайлайды.

Сайлау нәтижесі Трамптың президенттік мерзімінің қалған екі жылында Конгресті қай партия бақылайтынын анықтайды.

Егер демократтар Конгрестің кем дегенде бір палатасында көпшілік орынға ие болса, олар президент әкімшілігінің жұмысын қатаңырақ бақылап, Трамптың кейбір бастамаларын жүзеге асыруына кедергі келтіре алады.

Ал республикашылдар Ақ үйдің саяси бағдарламасын іске асыру үшін қажетті көпшілік орынды сақтап қалуға ұмтылып отыр.