Қазақстанда мәслихат депутаттығына үміткерлердің сайлауалды науқанына бюджеттен қанша қаражат бөлінетіні белгілі болды. Орталық сайлау комиссиясы үгіт-насихат жұмыстарына, бұқаралық ақпарат құралдарында материал жариялауға және көлік шығындарына жұмсалатын қаражат көлемін бекітті. Кезектен тыс сайлау 2026 жылғы 29 қарашаға белгіленген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Орталық сайлау комиссиясының қаулысына сәйкес, республикалық бюджеттен әр кандидаттың сайлауалды шығындарына 700 мың теңгеге дейін қаражат қарастырылған.
Оның ең қомақты бөлігі – 410 мың теңге кандидаттың сайлауалды бағдарламасын телеарна мен радиода таныстыруға, сондай-ақ, баспасөзде немесе интернет басылымдарында екі мақала жариялауға бөлінеді.
Тағы 180 мың теңге сайлаушылармен кездесулер ұйымдастыруға, көпшілік іс-шаралар өткізуге және үгіт-насихат материалдарын дайындауға қарастырылған.
Қалған 110 мың теңге сайлауалды науқан кезіндегі көлік шығындарын өтеуге жұмсалады.
Бекітілген қаражат облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының мәслихат депутаттарын сайлау жөніндегі кезектен тыс сайлауға бірмандатты округтер бойынша қатысатын, ресми тіркелген кандидаттарға арналған.
Айта кетейік, 700 мың теңге кандидаттың жеке өзіне берілетін ақша емес. Бұл – сайлауалды науқан аясындағы белгілі бір іс-шараларға жұмсалатын, мемлекет есебінен өтелетін шығындардың белгіленген мөлшері.
Мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлау 2026 жылғы 29 қарашаға белгіленген.
Орталық сайлау комиссиясы қабылданған қаулыны өңірлік сайлау комиссияларына жолдап, бекітілген қаражат мөлшерін тіркелген кандидаттардың назарына жеткізуді тапсырды.