×
$
457.09
€
508.42
₽
5.67
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
457.09
€
508.42
₽
5.67

Испаниядағы пойыз апатынан қазақстандықтар зардап шекті ме

Бүгін, 11:15
Испаниядағы пойыз апатынан қазақстандықтар зардап шекті ме
lavozdeltajo.com

Испанияда пойыздардың соқтығысуы салдарынан қаза тапқан және жараланған адамдардың арасында Қазақстан азаматтары жоқ. Бұл туралы Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Ulysmedia.kz редакциясының сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Мән-жай

– Біздің мәліметіміз бойынша, Испаниядағы теміржол апатынан қаза тапқандар мен зардап шеккендердің арасында Қазақстан азаматтары жоқ. Ақпаратты тексеру жұмысын жалғастырып жатырмыз, – деп хабарлады министрлік.

Контекст

28 қазан күні таңертең Мадрид – Севилья жоғары жылдамдықты теміржол желісінде Renfe және Iryo компанияларына тиесілі екі жолаушылар пойызы соқтығысты. Апат жергілікті уақыт бойынша сағат 8:30 шамасында Кастилия-Ла-Манча автономиялық бірлестігінде болған. 

ABC News басылымы аймақтық билікке сілтеме жасап, кемінде 68 адамның қаза тапқанын хабарлады. Ал Antena3 телеарнасының мәліметінше, 180-нен астам адам жараланған.

Iryo пойызында бір баланы қоса алғанда 146 жолаушы, ал Renfe пойызында 397 жолаушы болған.

Пойыздардың неліктен соқтығысқаны әзірге белгісіз. Мадрид пен Андалусия арасындағы теміржол қатынасы тоқтатылды.

Бұл – Испанияда 2013 жылдан бергі адам өлімі ең көп тіркелген жоғары жылдамдықты пойыз апаты. Сол жылы Галисияда болған теміржол апатынан 80 адам қаза тапқан.

Испания премьер-министрі Педро Санчес елде үш күндік аза тұту жариялады.