×
$
453.87
€
508.33
₽
5.65
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
453.87
€
508.33
₽
5.65

Қазақстан желтоқсанда қанша мұнай өндіреді? ОПЕК+ шешімі белгілі болды

Бүгін, 10:16
Қазақстан желтоқсанда қанша мұнай өндіреді? ОПЕК+ шешімі белгілі болды
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстанды қоса алғанда, ОПЕК+ елдері желтоқсанда мұнай өндіру көлемін өзгертпеу туралы алдын ала келісімге келді. Бірлестікке мүше елдер мұнай өндіруге қойылған шектеулерді келесі жылы қайта қарайды деп күтіледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Reuters агенттігінің мәліметінше, алдын ала келісімге 1 қараша, жексенбі күні өткен онлайн кездесуде қол жеткізілген. Бұл туралы келіссөз барысынан хабардар үш дереккөз мәлімдеген.

Талқылауға Қазақстан, Ресей, Сауд Арабиясы, Ирак, Кувейт, Алжир және Оман өкілдері қатысқан.

Әзірге түпкілікті шешім жарияланған жоқ. Алайда Reuters дереккөздерінің айтуынша, қатысушы елдер желтоқсан айында мұнай өндірудің қазіргі белгіленген көлемін сақтап қалуға бейім.

Мұнай өндіру көлемі неге арттырылмайды?

Келіссөздер Иранмен болған соғыстың салдары әлі де сезіліп отырған кезеңде өтіп жатыр. Бірнеше айға созылған қақтығыс Парсы шығанағы елдерінен мұнай жеткізуге кедергі келтірген еді.

Қазір өңір елдері мұнай экспортын біртіндеп арттырып жатыр. Алайда олардың басым бөлігі әлі де өздеріне белгіленген мөлшерден әлдеқайда аз мұнай өндіріп жатыр.

Сонымен қатар, қыркүйекте ОПЕК+ тәулігіне 1,65 миллион баррель мұнай өндіруге қатысты шектеулерді кезең-кезеңімен алып тастау жұмысын аяқтаған болатын. Бұл шектеулер 2023 жылдан бері қолданылып келген.

Reuters агенттігі жазда-ақ ОПЕК+ елдері 2026 жылдың аяғына дейін мұнай өндіру көлемін өзгертпей, жаңа келісімдер әзірлеуге басымдық беруі мүмкін екенін хабарлаған еді.

Қазақстанның мұнай өндіру квотасы қалай өзгереді?

ОПЕК+ елдері мұнай өндіру көлемін алдағы уақытта өзгерту мәселесін 2027 жылға арналған квоталарды әзірлеу кезінде қарастыруды жоспарлап отыр.

Биылғы жылдың соңына дейін қатысушы елдер әр мемлекеттің қанша мұнай өндіруге мүмкіндігі бар екенін бағалауы керек.

Осы мәліметтер негізінде алдағы жылдарға арналған квоталарды есептеуге қажет жаңа бастапқы көрсеткіштер белгіленеді.

Бұдан бөлек, ОПЕК+ аясында мұнай өндіруді тәулігіне шамамен 2 миллион баррельге қысқарту туралы тағы бір келісім күшінде қалып отыр. Бұл шектеу бірлестікке мүше елдердің басым бөлігіне қатысты және 2026 жылдың соңына дейін қолданылады.