×
$
453.87
€
508.33
₽
5.65
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
453.87
€
508.33
₽
5.65

Қазақстандық қор Трамптың ұлының досына тиесілі ресейлік компаниядағы үлесін сатты

Бүгін, 17:40
Қазақстандық қор Трамптың ұлының досына тиесілі ресейлік компаниядағы үлесін сатты
Ulysmedia коллажы

Қазақстандық Fonte Inceptia Alpha Fund OEIC Limited қоры ресейлік «Самолёт» құрылыс компаниясының 18% акциясын Халықаралық бокс федерациясының президенті Умар Кремлёвтің құрылымына кіретін компанияға сатқан. Кремлёв АҚШ президентінің ұлы Дональд Трамп кішімен дос, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бұл туралы Forbes Russia басылымы екі дереккөзге сілтеме жасап жазды. Тараптар мәмілені ресми түрде растаған жоқ. Сатып алушы компанияның атауы жарияланбаған. Ал Кремлёвтің компанияларындағы топ-менеджерлер оның «Самолётке» қызығушылық танытқанын жоққа шығарған.

«Самолёт» компаниясындағы үлесі бір жарым айға ғана жетті

Fonte Capital басқаратын қор «Самолёт» компаниясының шамамен 18% акциясын 30 шілдеде сатып алған. Сол кезде қор өкілдері бұл мәміле жылжымайтын мүлік нарығына шығуға және құрылыс компаниясының қаржылық жағдайын жақсартуға мүмкіндік беретінін мәлімдеген.

Алайда қыркүйектің соңында Ресейдің деректер базасында қордың үлесін біртіндеп 15%-ға, кейін 10%-ға және 5%-ға дейін қысқартқаны туралы ақпарат пайда болды.

Қазан айында Еуропалық одақ Владивостоктағы құрылыс нысандарына Солтүстік Корея азаматтарын жұмысқа тартқаны үшін «Самолёт» компаниясына санкция салды. Fonte Capital өкілдері санкциялар күшіне енгенге дейін компания капиталынан толық шыққанын мәлімдеді.

«Самолёт» құрылыс көлемі бойынша Ресейдегі ең ірі девелопер саналады. Соңғы жылдары компания қаржылық қиындықтарға тап болған. Тұрғын үйлерді тапсыру мерзімі бірнеше рет бұзылған. Ал 2026 жылғы ақпанда компания Ресей үкіметінен 50 млрд рубль көлемінде мемлекеттік қолдау сұраған.

Умар Кремлёв кім?

Кремлёв Халықаралық бокс федерациясын басқарады. Оның «ЦУПИС» компаниясы 2021 жылдан бері Ресейдегі букмекерлік кеңселердің барлық төлемін жүзеге асырады.

2024 жылы оған қарасты құрылымдар ірі «Рольф» автодилерін басқаруға алған.

Бұған дейін

Бұған дейін АҚШ Өкілдер палатасындағы демократ Роберт Гарсия Кремлёвтің 2026 жылғы мамырда Багам аралдарында өткен Дональд Трамп кішіның үйлену тойындағы мерекелік шаралардың бір бөлігін қаржыландырғаны туралы ақпараттан кейін тексеру жүргізуді талап ете бастаған.

Трамп кішіның өзі Кремлёвтің олардың құрметіне екі кеш ұйымдастырғанын растаған.

– Біздің қымбатты досымыз Умар біз үшін екі керемет мерекелік кешті өте жомарттықпен ұйымдастырды, – делінген жұптың мәлімдемесінде.

Ал АҚШ президенті Дональд Трамп Кремлёвті танымайтынын айтқан.