Қазақстан полициясы Оралды Ресейге беру туралы ұсынысты қылмыс деп санамайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz "Уральская неделя" басылымына сілтеме жасап.
"2023 жылғы 14 ақпанда "УН" сұрауына жауап ретінде полиция қызметкерлері видеоға қатысушыларға қатысты сотқа дейінгі тергеу олардың іс-әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылғанын хабарлады. Полицияның түсіндіруінше, сараптама бұл мәлімдемелерде сепаратизм және ұлтаралық алауыздық туғазытаны белгілер таппаған", – деп хабарлады басылым.
Еске салсақ, 2022 жылдың қарашасында блогер мен чат-рулеткадағы ер адамдар арасында диалог болған. Блогер өзін Ресей азаматы ретінде таныстырады. Видеодағы үш батысқазақстандық – ересек ер адам және екі жас жігіт шетел азаматымен әңгімелесуінде Орал мен облыс аумағын Чапаево кентіне дейін Ресейге беру керек деп мәлімдейді.
"Оралды бірінші кезекте алыңдар, тек қолға автомат берсеңдер болды. Чапаевоға дейін алыңдар. Қабылдасаңдар болды, біз бәріміз сонда барамыз. Бүкіл Қазақстанды сүйреп апарамыз. Біз баяғыдан бері дайынбыз, тек күтіп отырмыз", – дейді БҚО тұрғындары.
Көп ұзамай полиция видеодағы азаматтардың ұсталғанын мәлімдеген. Алайда олардың көп ұзамай босатылғаны белгілі болды.
"Олар жаңа видео жазып, желіде тараған видеода айтылған сөздер үшін кешірім сұрады . Бұлтартпау шарасы қолданылған жоқ, яғни кешірім сұрағаннан кейін олардың барлығы үйлеріне жіберілді", – делінген хабарламада.
Полицейлердің айтуынша, сараптаманы Ақтөбе өңіраралық сот сараптамасы РМҚК филиалының ҚР ӘМ ССО сарапшылары жүргізген.
Айта кетейік, бұдан бұрын сепаратизмді насихаттады деп айыпталған 36 жастағы Орал тұрғыны Ресейде босқын мәртебесін алған.