16 қараша, дүйсенбіде әлемдік нарықта мұнай бағасы төмендеп жатыр. Инвесторлар алдағы уақытта шикізат ұсынысы сұраныстан асып кетуі мүмкін деп қауіптенеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
АҚШ-тың шешімі де нарыққа әсер етті
Brent маркалы мұнай фьючерстері 0,49 пайызға арзандап, барреліне 95,37 долларға дейін төмендеді. Ал америкалық WTI маркалы мұнай 0,26 пайыз арзандап, барреліне 88,33 доллар болды.
Бағаның төмендеуіне Халықаралық энергетика агенттігінің болжамы да әсер етті. Агенттік бағалауынша, төртінші тоқсанда әлемдік мұнай жеткізілімі тәулігіне орта есеппен 105 миллион баррельге жетеді. Бұл болжанған сұраныстан 1,7 миллион баррельге артық.
Кемелерге шабуыл жалғасқанына қарамастан, Ормуз бұғазы арқылы Таяу Шығыстан мұнай экспорттау соғысқа дейінгі деңгейге дерлік қалпына келді.
– АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыс басталғалы бері алғаш рет трейдерлер тұрақты тапшылықтан гөрі ұсыныстың арту мүмкіндігін байыппен қарастырып отыр. Нарықтағы көңіл күйдің өзгеруі бағаға айқын қысым түсіріп жатыр, – деді KCM Trade бас сарапшысы Тим Уотерер. Оның сөзін Reuters агенттігі келтірді.
Reuters тағы бір фактор ретінде АҚШ президенті Дональд Трамптың Джонс заңындағы талаптардан уақытша босату мерзімін 90 күнге ұзарту туралы шешімін атады.
Әдетте бұл заң АҚШ порттары арасындағы жүктерді тек АҚШ туы астында жүзетін кемелермен тасымалдауға рұқсат береді. Уақытша жеңілдік шетелдік танкерлерді мұнай, бензин және дизель отынын тасымалдауға пайдалануға мүмкіндік береді.
Халықаралық энергетика агенттігіне мүше елдердің төтенше қорларынан ақпан айының соңына дейін нарыққа тағы 71 миллион баррель мұнай жеткізіледі. Оның 15 миллион баррелі дизель отыны болады.
Ормуз бұғазындағы қауіп сейілген жоқ
Жеткізілім қалпына келгенімен, Ормуз бұғазы арқылы мұнай тасымалдау әлі де қауіпті әрі қымбат. Жүк тасымалына қойылатын жоғары тарифтер мұнай бағасының одан әрі арзандауына кедергі келтіріп отыр.
Жексенбі күні кешке Иранның мемлекеттік ақпарат құралдары әскери-теңіз күштеріне сілтеме жасап, Ормуз бұғазының шығысында мұнай танкерінен өрт шыққанын хабарлады. Алдын ала мәлімет бойынша, кеме теңіз минасына жарылған болуы мүмкін.
Өткен аптада Brent маркалы мұнай 16 пайызға, ал WTI 13 пайызға арзандады.
Нарық тоғызыншы айға созылған АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысына байланысты геосаяси тәуекелдердің төмендеу белгілеріне осылайша жауап беріп отыр.