×
$
444.4
€
488.97
₽
5.39
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
444.4
€
488.97
₽
5.39

Ипотека алу жеңілдей ме? Бастапқы жарна 10 пайызға түсуі мүмкін

Бүгін, 15:35
Ипотека алу жеңілдей ме? Бастапқы жарна 10 пайызға түсуі мүмкін
ЖИ/ Ulysmedia

Қазақстанда ипотека бойынша бастапқы жарнаны 10 пайызға дейін төмендету жоспарланып отыр. Жаңа тетіктер 2027 жылы таныстырылуы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қаржылық модель «Отбасы банкімен» бірлесіп әзірленіп жатыр. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков мәлімдеді.

— Қазір бастапқы жарнаны азайтуға мүмкіндік беретін тетіктерді пысықтап жатырмыз. Шамамен 2027 жылы таныстырамыз, — деді ол.

Журналистер бастапқы жарнаның мөлшері қаншаға дейін төмендейтінін сұрады. Жүнісбеков қысқа жауап берді.

— 10 пайызға дейін, — деді ол.

Алайда мұндай жарна қай бағдарламаларға енгізілетіні, нақты қашан іске қосылатыны және қандай талаптар қойылатыны әзірше айтылған жоқ.

Бұған дейін, қазан айында, премьер-министр Олжас Бектенов Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне бастапқы жарнаны төмендету жолдарын әзірлеуді тапсырған еді.

Табысы несие төлеуге жеткенімен, көптеген қазақстандық үшін баспана құнының алғашқы жарнасын жинау қиынға соғады.

Қазір қанша ақша жинау керек?

«Отбасы банктің» стандартты заемын алу үшін баспана құнының кемінде жартысын жинау қажет.

«Наурыз» бағдарламасы бойынша бастапқы жарна 20 пайыздан басталады. Ал әрлеу жұмыстары толық аяқталған жаңа пәтерді сатып алғанда, жарна 10 пайыздан болуы мүмкін.

«Өз үйім» бағдарламасында бастапқы жарна 20-дан 50 пайызға дейін белгіленген.

«Ұмай» бағдарламасына сұраныс артты

Бастапқы жарнаны төмендету мәселесі жеңілдетілген «Ұмай» бағдарламасына сұраныс артқан тұста көтеріліп отыр.

Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков мұндай бағдарламаларға қызығушылықтың белгілі бір кезеңдерде күшейетінін түсіндірді.

Оның айтуынша, министрлік бюджет пен нарықтың мүмкіндігіне қарай талаптарды өзгертіп отырады. Бұл алыпсатарлық мақсаттағы сұранысты шектеу үшін қажет, яғни кейбір азаматтар баспананы кейін қымбатқа қайта сату үшін сатып алады.

Сізге қызық болуы мүмкін