Шекара қызметінің бұрынғы басшысы Дархан Ділмановты қамауда ұстау мерзімі бір айға ұзартылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының 2023 жылғы 20 ақпандағы қаулысымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының өтінішхаты қанағаттандырылып, тергеу материалдарымен танысу кезеңінде қамауда ұстау мерзімін ұзартуға санкция берілді. Яғни 2023 жылдың 22 наурызына дейін», - делінген сот хабарламасында.
Еске салайық, былтыр маусым айында Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан-Қытай шекара бекеттерінде анықталған билікті асыра пайдалану фактілері бойынша жүргізіп жатқан сотқа дейінгі тергеу шеңберінде бұрынғы ҰҚК төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры генерал-лейтенант Д.А. Ділманов және басқа да адамдар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған болатын.
5 сәуірде Мемлекет басшысының өкімімен Дархан Айтқалиұлы Ділманов Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры лауазымынан босатылды.