Ұлттық қауіпсіздік комитеті Павлодар қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Александр Сафьяников ұсталғаннан кейін сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, ол кәсіпкерден 400 мың теңге пара алды деген күдікке ілінген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Ulysmedia.kz редакциясы ҰҚК-ге ресми сауал жолдады. Ведомство сотқа дейінгі тергеу басталғанын растады. Алайда тергеу құпиясына байланысты істің өзге мән-жайларын жарияламады.
Ал Сафьяников басқаратын санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының ұсталғаны туралы ақпаратты растаудан бас тартты.
– Қазіргі уақытта Александр Сафьяников еңбек демалысында. Бұл ақпаратты растай алмаймыз, – деп жауап берді басқарма өкілдері Ulysmedia.kz редакциясына.
Сафьяниковтың ұсталғаны туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тараған. Сол мәліметтерге сүйенсек, ол құқық қорғау органдарымен процестік келісімге де келген. Бұл – күдікті кінәсін мойындаған немесе тергеуге көмектескен жағдайда, жазасын жеңілдетуге мүмкіндік беретін келісім.
15 жылдан астам уақыт басқарма басшысы болған
Санитариялық-эпидемиологиялық қызметте көп жылдық тәжірибесі бар Александр Сафьяников Павлодар қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасын 15 жылдан астам уақыт басқарып келеді. Ол іс жүзінде қаланың бас санитар дәрігері саналады.
Басқарма дәмханалар, дүкендер, мектептер, балабақшалар және басқа да нысандардың санитариялық талаптарды сақтауын тексереді. Сондай-ақ кәсіпкерлерге айыппұл салып, нысандардың жұмысын уақытша тоқтата алады.
Коронавирус пандемиясы кезінде Сафьяников Павлодардағы карантиндік шектеулерге қатысты негізгі ақпарат берушілердің бірі болған.