1 желтоқсаннан бастап Эстония Ресеймен шекарасындағы көлік өткізу бекеттерін жарты жылға жабады. Осыған байланысты қазақстандық жүк көлігі жүргізушілері мен логистикалық компаниялар қосымша шығынға ұшырап, жүкті уақытылы жеткізуде қиындықтарға тап болуы мүмкін. Тасымалдаушыларға сапар бағытын алдын ала өзгерту ұсынылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Көліктік бақылау комитетінің мәліметінше, Ресей мен Эстония шекарасы арқылы көлік қозғалысы кемінде алты айға тоқтатылады. Бұл шектеулер Ресей мен Эстония арқылы Еуропаға жүк тасымалдайтын қазақстандық компанияларға да әсер етеді.
Әсіресе, қазір жолда жүрген немесе желтоқсанның басында шекарадан өтуді жоспарлаған жүргізушілерге сақтық таныту қажет.
«Кідірістер мен қосымша шығындардың алдын алу үшін тасымалдаушыларға қозғалыс бағытын алдын ала өзгертіп, шекарадан өтудің балама жолдарын қарастыру ұсынылады», – деп ескертті комитет өкілдері.
Сондай-ақ, тасымалдаушыларға жұмыс істеп тұрған шекара бекеттерін алдын ала анықтап, жүк жеткізу мерзімдерін қайта қарау ұсынылды.
Эстония билігі мұндай шешімді Таллин маңында болған оқиғадан кейін қабылдады. Қарашада белгісіз адамдар Threod Systems қорғаныс кәсіпорнының ғимаратын өртемек болған.
Эстония билігі бұл оқиғаны диверсия деп бағалап, оны ұйымдастырды деп Ресейдің әскери барлау қызметін айыптады. Қылмысты дайындауға қатысы бар деген күдікпен Латвияның сегіз тұрғыны ұсталған.
20 қарашада Эстония үкіметі Ресеймен шекараны уақытша жабу туралы шешімді бекітті.
«Ресейдің ашық болғанымызды өзімізге қарсы пайдалануына жол бермейміз», – деді Эстония премьер-министрі Кристен Михал.
Мәскеу тағылған айыптарды жоққа шығарып, Эстония билігінің шешіміне наразылық білдірді.
Шектеулер жүк тасымалына ғана емес, жолаушыларға да әсер етеді. Эстония Ресей мен Еуропа арасында қатынайтын азаматтар пайдаланып келген бес шекара бекетін жабады.
Кейбір тасымалдаушылар Литва мен Беларусь арқылы өтетін балама бағыттарға көше бастаған.
Эстонияның өзінде бұл шешім Ресейдегі туыстарына жиі барып тұратын тұрғындардың наразылығын тудырды. Үш мыңнан астам адам отбасылық және гуманитарлық себептермен шекарадан өтуге рұқсат беруді сұрап, петицияға қол қойған.
Нарва қаласының мэрі де шұғыл сапарларға арналған арнайы өткізу дәліздерін қарастыруды ұсынды.
Айта кетейік, Эстония мен Ресей арасындағы шекара Ресейден Еуропалық одақ елдеріне құрлық арқылы өтетін бағыттардың бірі болып келген.