×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

"Тікұшақта кінәрат болған жоқ": Апаттан аман қалған инженер оқиғаның егжей-тегжейін айтты

24.02.2023, 14:22
"Тікұшақта кінәрат болған жоқ": Апаттан аман қалған инженер оқиғаның егжей-тегжейін айтты
ТЖМ

Батыс Қазақстан облысы аумағында құлаған тікұшақтың аман қалған жолаушылардың бірі – "Қазавиақұтқару" инженері Сергей Щеглов апаттың егжей-тегжейін айтып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz тілшісі.

Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі журналистер үшін қалалық көпсалалы ауруханада брифинг ұйымдастырды, онда ұшақ апатынан аман қалған  "ҚазТрансОйл" АҚ-ның 36 жастағы желілік құбыршысы Серік Ерғалиев пен "Қазавиақұтқарудың" 62 жастағы инженері Сергей Щеглов ем қабылдап жатыр.

 – Кеше сағат 19.45-те бізге тікұшақ апатынан зардап шеккен екі адам келді. Науқастардың жағдайы орташа ауыр болды. Травматолог, нейрохирург, хирург мультидисциплинарлық тексеру жүргізді, бірқатар тексерулер, рентген, УДЗ жүргізілді. Осыдан кейін зардап шеккендер бас миының жабық жарақаты, мидың шайқалуы, бастың париетальды және желке аймағының көгеруі диагнозымен нейрохирургиялық бөлімшеге жатқызылды, – деді Орал қалалық көпсалалы ауруханасының қабылдау бөлімінің меңгерушісі Еркін Ақбаллин.

Науқастарға ота жасалмаған, тек шұғыл ем-дом жасалған.

Журналистерге тікұшақтың тірі қалған жолаушыларының бірі Сергей Щегловпен сөйлесуге рұқсат етілді.

 – Есімді жисам, жарақаттанған жерімнен қан ағып жатыр екен. Жараны шүберекпен жауып қойдым, содан кейін құтқарушылар келді. Олар мені тез шығарып алды, өзім шыға алмас едім. Қорықтым, ол жерден шығу мүмкін емес-тін. Егер тікұшақ өртенсе, жорғалап шығуыма тура келер еді, бірақ өртенген жоқ. Көрер жарығым бар екен… – деді ол.

Щнглов –  "Қазавиақұтқару" АҚ жетекші инженері –  тікұшақтардың радиоэлектр аспаптарын жөндеумен айналысады. Атыраудың тумасы. 1981 жылдан бастап авиация саласында еңбек етіп келеді, 42 жыл жұмыс өтілі бар. Апат кезінде ол тікұшақтың құйрық жағында болған.

Инженер тікұшақ апатының себебін айта алмады.

 – Мен мұның қалай болғанын білмеймін. Тікұшақ әп-сәтте қирады да қалды, жартысы мүлдем жоқ. Редуктор қалай айдалаға жерге ұшып кеткені түсініксіз. Бәрі жақсы болды. Біз үш сағатқа жуық ұштық. Ұшу барысында бәрі ойдағыдай болды. Мен тікұшақтың құйрық жағында отырып, жұмысқа қатысты жазбаларымды оқып отырғанмын. Көзімді ашсам – жерде жатырмын, - дейді Сергей уайымын жасыра алмай.

Журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, инженер Ми-8 тікұшағына сипаттама берді.

- Тікұшақ өте жақсы күйде болды. Ол ешқашан құламаған. Небары 250 сағат ұшқан, бұл өте аз. Ауа-райы әсер ете қойған жоқ – бұл әуе кемесінде барлық жағдай ескерілген.  Неліктен бұлай болғаны түсініксіз, - деді Сергей Щеглов.

Еске салсақ, кеше «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағы Батыс Қазақстан облысы аумағына апатты жағдайда қонды.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, апаттан 4 адам қаза тауып, 2 адам зардап шекті.

ТЖМ апат құрбандарының аты-жөнін жариялады.