×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

Ұлыбритания: бейбіт келіссөз жасау үшін Украинаға НАТО қаруын қолдану керек

25.02.2023, 14:17
Ұлыбритания: бейбіт келіссөз жасау үшін Украинаға НАТО қаруын қолдану керек
Ашық дереккөз

Ұлыбритания, Германия және Франция Ресеймен бейбіт келіссөзді бастауы үшін Украинаға НАТО қаруларын қолдануға рұқсат беруге келісті. Бұл жөнінде үш ел өкілдеріне сүйенген The Wall Street Journal басылымы жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Азаттыққа сілтеме жасап.

Дереккөздердің айтуынша, өткен аптада Ұлыбритания премьер-министрі Риши Сунак Украинаның НАТО-мен келісу жоспарын ұсынған. Оған сәйкес, Украина соғыс аяқталған соң озық үлгідегі қару-жарақ пен оқ-дәрі, әскери техникаға қол жеткізе алады.

Франция және Германия британ ұсынысын қолдады, деді дереккөздер. Үш ел үкіметтері келісімді Украинаның өзіне деген сенімін арттыру және Ресеймен келіссөзді бастауға ынталандыру амалы ретінде қарастырып отыр.

Келісімнің өзге мақсаты – Кремльдің жоспарын өзгерту. Британ шенеунігінің сөзінше, егер Ресей Батыс елдерінің Украинаға әскери көмегін ұлғайтуға дайын екенін көрсе, әскери мақсаттарына қол жеткізе алмайтындығына көзі жетуі мүмкін.

Келісімді шілде айында өтетін НАТО саммитінде талқылау ұсынылды. Дегенмен WSJ дереккөздерінің айтуынша, бейбіт келіссөзді бастау және оның шарттары бойынша кез келген шешімді Украинаның өзі қабылдайды. 2022 жылы қазан айында Украина президенті Владимир Зеленский Ресейді Владимир Путин басқарып тұрғанда онымен келіссөз жүргізбеу туралы жарлыққа қол қойған еді.

Ақпан айында Франция президенті Эммануэль Макрон және Германия канцлері Олаф Шольц Зеленскийге Мәскеумен бейбіт келіссөз жүргізу туралы ойлану қажет екенін сездірген. Бұл жөнінде одан хабары бар дереккөздер WSJ басылымына айтқан. Атап айтқанда, Макрон Зеленскийге "бір-бірін ата жау көрген Франция мен Германияның өзі Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бейбіт келісім жасасуға мәжбүр болған" деген.

Ұлыбритания, Франция және Германия өкілдері WSJ басылымына аталған елдерде Украина 2014 жылдың басынан бергі шекарасын қалпына келтіре алатынына күмәнмен қарайтын саясаткерлер көбейгенінін айтқан.

"Ресей жеңбеуі тиіс деп ылғи айтып келеміз, бірақ ол не деген сөз? Егер соғыс қазіргідей қарқынмен жалғаса берсе, Украина орасан шығынға ұшырайды. Одан кейін ешкім де ол Қырымды қайтара алады дегенге сенбейтін болады" деді француздың жоғары лауазымды шенеунігі.

Дегенмен Батыс елдерінің басшылары жария түрде Ресей басқыншылығына қарсы тұруға шақырып, бейбіт келіссөзді бастау туралы сөз қозғамайды.