Грузия парламентінің көпшілігін құрайтын «Грузин арманы» партиясы мен өзге де партиялар қоғамда жаппай наразылық тудырған «Шетелдік ықпалдың ашықтығы туралы» заң жобасын кері қайтарып алу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Ulysmedia.kz хабарлайды.
«Қабылданған заң жобасы қоғамда дау тудырғанын көріп отырмыз. «Өтірік машинасы» заң жобасын теріс ұсынып, халықтың белгілі бір бөлігін адастырды. Заң жобасына «Ресей заңы» деген жалған белгі қойылып, оның бірінші оқылымда қабылдануы жұртшылықтың бір бөлігінің көз алдында еуропалық бағыттан ауытқу ретінде ұсынылды. Сонымен қатар, радикалды күштер жастардың бір бөлігін заңсыз әрекеттерге тарта алды», - делінген тараптардың бірлескен мәлімдемесінде.
Еске салайық, Грузияда «шетел агенттері» туралы заңның қабылдануына қарсы жаппай наразылықтар бірнеше күн бойы өтті. Заң жобасы ел парламентіне екі нұсқада ұсынылды. 7 наурызда Грузия депутаттары «Шетелдік ықпалдың ашықтығы туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қабылдаған. Ол Грузияда «шетелдік агенттердің» тізілімі пайда болуын қарастырған: ол тізімге барлық коммерциялық емес заңды тұлғалар мен шетелден 20%-дан астам қаржыландырылатын БАҚ тіркеледі.