Жамбыл облысында әскери борышын өтеп жүріп, былтыр жазда өз-өзіне қол салған 18 жастағы Бекбол Мираштың ісіне қатысты тергеу бұрмаланып жатыр. Бұл туралы сотталушы сержант Айбек Нұртаевтың адвокаты Сержан Пірәлев Оңтүстік округтің әскери прокурорының атына берген шағымында айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Адвокаттың айтуынша, тергеу органдары қайтыс болған әскери қызметкердің ауыз қуысында, киімінде шәует іздері табылғанын көрсеткен сот сарапшыларының қорытындысына күмән келтірген.
Пірәлиевтің қолына Жедел тергеу тобының жетекшісі – аса маңызды істер бойынша аға тергеуші, әділет майоры Е. Қарағұловтың маман шақырып, сараптаманы қайта жасау туралы қаулысы тиген.
«Сарапшы Дүйсенованы маман ретінде шақырып, сараптама тағайындау орынсыз деп есептеймін. Сонымен қатар, тартылған маманның заттай дәлелдемелерге қайта сараптамалық зерттеулер жүргізуге құқығы жоқ, яғни "сарапшы биолог осы объектіні зерттеу кезінде және оның қорытындыларында қаншалықты объективті болды?» деген сауалға жауап алу үшін қайта сот-биологиялық және молекулалық-генетикалық сараптама жүргізе алмайды», - делінген адвокаттың шағымында.
Сержан Пірәлиевтің пікірінше, Жедел тергеу тобының басшысы Е.Қарағұловтың бұл әрекеттері заңсыз және тергеуді бұрмалауға, шатастыруға, бірнеше сот сараптамалары анықтаған және растаған айқын және белгіленген фактілерге күмән келтіруге бағытталған.
«Сот сарапшыларының жұмысын бағалап, қорытынды шығару үшін маман тарту туралы сауатсыз және заңсыз қаулы шығарған тергеушінің мақсаты не? Сонда бізге сот сарапшылары не үшін қажет? Неліктен тергеуші басқа аймақтан сарапшыларды тарта отырып қайтадан сот-биологиялық сараптама тағайындамайды?», - дейді адвокат.
Бұл іс бүкіл қазақ қоғамының жіті назарында екенін еске салған Пірәлиев адвокаттан әділет майоры Е.Қарағұловтың 2023 жылғы 3 наурыздағы қаулысын заңсыз деп танып, күшін жоюды сұраған.
Еске сала кетсек, күдікті сержант Айбек Нұртаевтың адвокаты Сержан Пірәлиев таяуда журналистерге осы іске қатысты адам сенгісіз фактілерді жария еткен. Оның сөзінше, сарбаздың киімі мен аузынан бірнеше адамның шәуеті анықталған. Осы ақпаратты жариялағаны үшін ІІМ "Пірәлиев адвокаттық этиканы бұзды" деп айыптап, істі Әділет министрлігіне жолдаған еді.
Алайда Астана қаласының адвокаттар алқасы Сержан Пірәлиев ешқандай этикалық нормаларды бұзбағанын анықтады.
Дей тұрғанмен, Бас әскери прокуратура жыныстық зорлық дерегін жоққа шығарды.
Сондай-ақ, жуырда ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры, генерал-майор Ерлан Алдажұманов Бекбол Мираштың өлімінен кейін қызметтік тергеу жүргізіліп, департамент пен застава бастығы қызметінен шеттетілгенін айтты.