2013-2022 жылдар аралығында федерацияны басқарған Жанат Түсіпбеков ауыр атлетика федерациясының президенті болып қайта сайланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Алғашында президенттікке екі үміткер – Илья Ильин мен Гаджи Гаджиев болған. Дегенмен кандидаттардың бастамасымен және мүшелерінің қолдауымен оның басшылығына бұрынғы бас прокурор Рашид Түсіпбековтің ұлы Жанат Түсіпбеков шақырылғаны белгілі болды.
Федерация мүшелері – 26 адам оның кандидатурасын бірауыздан қолдады. Түсіпбеков өз сөзінде Гаджиев пен Ильинді жұмысқа шақырды.
Гаджи Гаджиев пен Илья Ильин/ААФ
«Федерация деген қоғамдық ұйым. Біз демек қоғам игілігі үшін жұмыс істеуіміз керек. Бүгін бізде қазақстандық ауыр атлетиканы жаңа деңгейге шығару үшін бәрі бар!» - деді Түсіпбеков.
Гаджиев, өз кезегінде Түсіпбековтың кандидатурасын қолдайтынын, өйткені олимпиадаға аз уақыт қалғанда елеулі түзетулер енгізуді жөн санамайтынын атап өтті.
«Кеше біз кешке дейін сөйлесіп, келісіп, Ауыр атлетика федерациясының президенттігіне одан жақсы үміткер жоқ деп шештік. Бұл бүкіл команда үшін жақсы болады! Жанат Рашидұлы 2013 жылдан бері үлкен жұмыс атқарды, спортымызды іштей біледі. Баршаңызды бірлікке шақырамын! Барлық мәселелерді бірге шешіп, алтын медальдарымызға бірге барайық!» – деді Илья Ильин.
Айта кетейік, бұған дейін Илья Ильин ауыр атлетика федерациясының басшысы қызметіне өзін ұсынған болатын.