Халықаралық байқаушылар Қазақстанда 19 наурызда өткен кезектен тыс парламент сайлауы бойынша алдын ала тұжырымын жариялады. «Сайлау жайлы өтті» деді, бірақ сын-ескертулерін де айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) Парламенттік ассемблясының делегация мүшелері мен осы ұйымның демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюросының сайлауды бақылау миссияларының өкілдері бүгін Астанада баспасөз мәслихатын өткізді.
«19 наурыздғы кезектен тыс парламенттік сайлау Қазақстанды халықаралық стандарттарға және ЕҚЫҰ міндеттемелеріне сәйкес сайлауды өткізуге жақындатуға бағытталған реформалар аясында өтті. Заңнамаға енгізілген түзетулер ДИАҚБ-ның алдыңғы бірқатар ұсынысын ескеріп, сайлаушылардың таңдау жасау мүмкіндігін ұлғайтты», - делінген халықаралық байқаушылардың мәлімдемесінде.
Әйткенмен, олар демократиялық сайлауды өткізуге жеткілікті негізді қамтамасыз ету үшін нормативтік-құқықтық базаны одан ары өзгерту қажет деп есептейді.
«Атап айтқанда, Конституциямен кепілдендірілген негізгі бостандықтарды жүзеге асыруға шектеулер сақталып отыр. Кейбір саяси топтарға әлі де саяси партиялар ретінде сайлауға қатысуға рұқсат етілмейді. Сайлау саяси өмірге бәсекелестік элементтерін әкелгенімен, әртүрлі әкімшілік кедергілер өзін-өзі ұсынған бірқатар кандидат үшін сайлау науқаны шеңберіндегі мүмкіндіктердің теңдігіне теріс әсер етті. Тіркеуден шығару тәжірибесі кандидаттардың сайлау алдындағы жарысқа одан әрі қатысуына қатысты белгісіздік туғызды», - делінген мәлімдемеде.
Халықаралық байқаушылар кандидаттардың сайлау алдындағы науқаны қызу болғанымен, бұқаралық ақпарат құралдары науқан үстірт жарияланды деп есептейді. Цензура мен жүйелі репортаждардың болмауы сайлаушылардың саналы таңдау жасау қабілетін төмендетті дейді.
«Демократия – үнемі назар аударуды және міндеттемені талап ететін процес. Біз сайлау заңнамасымен байланысты бірқатар жақсартуларды атап өттік, бірақ Қазақстан демократиялық дамудың жарияланған саяси мақсатына ауқымды реформалар жалғасса ғана қол жетізе алады. Әрбір адамның негізгі бостандықтарын қорғауға көбірек көңіл бөлу керек. Ең қызығы, рестрективті медиа кеңістігі мен науқанды шектеулі жария ету кандидаттардың сайлауалды жарысқа барынша белсенді қатысуы мүмкіндігіне сәйкес келмегенін атап өту керек», - дейді ЕҚЫҰ арнайы үйлестірушісі және қысқа мерзімді байқаушылардың көшбасшысы Ирен Хараламбидес.
Ирен Хараламбидес «сайлаудың жайлы өткенін атап өткенін» айтты, алайда сын-ескертпелері барын қосты.
Ал ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы делегациясының жетекшісі Райнхольд Лопатка бәсекелестіктің артуы маңызды екеніне назар аударады.
«Мен келесі жолы Қазақстандағы сайлауды бақылайтын болсам, әрбір сайлау учаскесі бойынша ДИАҚБ-ның бейбіт жиналыстарға, пікір білдіруге және БАҚ-тың негізгі бостандықтарына қатысты алдыңғы ұсыныстарды әлі де орындалуы тиіс деп ойлаймын. Негізсіз әкімшілік кедергілер, партияларды тіркеу процесінде кең дискрециялық өкілеттіктер және құқық қорғаныс құралдарының болмауы әлі де алаңдаушылық туғызады», - дейді Лопатка.
Журналистер халықаралық байқаушылардан сайлаудағы әділетсіздіктер жайлы кешелі бері тарап жатқан фото және видеоматериалдар туралы пікірін сұраған. Алайда олар бұл ақпараттың рас-өтірігі әлі тексерілуі керектігін, тексерілгеннен кейін растығы расталса, қорытынды құжатқа енгізілетінін айтты.
Халықаралық байқаушылар толық қорытынды екі аптадан кейін шығатынын мәлім етті.