Биыл Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда көлемі 26,7% артқан, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Қазақстан премьер-министрі Асқар Мамин Ресей үкіметі төрағасының орынбасары Марат Хуснуллинмен кездесті, дейді үкімет.
Тараптар сауда-экономика, өнеркәсіптік кооперация, транзиттік-көлік, құрылыс салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, сондай-ақ ҚР мен РФ аймақаралық ынтымақтастығының XVII форумы аясында қол жеткізілген жоғары деңгейдегі уағдаластықтарды іске асыру мәселелерін талқылады.
Келіссөз барысында көлік инфрақұрылымының озық дамуы, екі елдің транзиттік әлеуетін күшейту және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», «Солтүстік – Оңтүстік» дәліздері және ЕАЭО кеңістігіндегі басқа бағыттар аясындағы аймақтық көліктік өзара байланыс мәселелеріне ерекше назар аударылды.
ҚР премьер-министрі инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын үйлестіру, сондай-ақ Қазақстан-Ресей шекарасы арқылы өткізу пунктерін реконструкциялау арқылы көлік әлеуетінің тиімділігін арттыру қажет екенін атап өтті.
Ресей – Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктесі. Биыл елдер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық серпіні біртіндеп қалпына келіп жатыр. Осы жылғы қаңтар-шілде айларында екіжақты тауар айналымы $12,7 млрд құрады. Бұл 2020 жылғы сәйкес кезеңінің көрсеткішінен 26,7%-ға жоғары. Қазіргі динамика сақталған жағдайда, екі ел арасындағы сауда көлемі биыл $20 млрд-тан асуы мүмкін.