Гүлмира Сатыбалдыға қатысты іс қаралып жатқан сот процесінде оның бұрынғы жұбайының үстінен жаңа қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мұндай ақпаратты сотта Тұрсен Алагөзовтың адвокаты - Ақмарал Бұралхиева мәлім етті. Ол жаңа істе GALANZ bottlers АҚ акциялары дауға айналғанын айтты.
Оның айтуынша, азаматтық талапқа берілген толықтыруда Гүлмира Сатыбалдыдан Алагөзовтың пайдасына 6 миллиард 985 миллион теңге шығын және 5 миллиард теңге мөлшерінде моральдық шығын өндіріп алуды сұралған.
"Залал сомасын түзету үшін GALANZ bottlers АҚ-ның 2022 жылғы 22 тамыздағы нарықтық құнын бағалау туралы сарапшылардың қорытындылары негізінде акциялардың 43,25 пайызының құны 6 миллиард 584 миллионды құрайтынын хабарлаймыз. Осыған байланысты біз талап-арыздарда осы соманы көрсеттік", - деді Бұралхиева.
Ол даулы акциялар Jusan Bank-те кепілге қойылғанын айтты.
"Сонымен қатар, талапта кепілмен қамтамасыз етудің сақталуы ескерілген. Қазіргі уақытта Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаймыз, онда GALANZ bottlers АҚ-ның аталмыш акциялары дауға айналып отыр", - деді адвокат.
Ол осы айтылғандардың негізінде GALANZ bottlers АҚ акцияларының 43,25 пайызын Jusan Bank-тен кепілден алмай қайтару арқылы Гүлмира Сатыбалды Тұрсен Алагөзовтың пайдасына 6 миллиард 584 миллион теңге, сондай-ақ GALANZ bottlers-тің 35 жай акциясын беру арқылы моральдық залал сомасын – 5 миллиард теңге өндіріп алуды сұрайтынын айтты.
Айта кетейік, бұдан бұрын кәсіпкер Тұрсен Алагөзов пен Гүлмира Сатыбалдының бұйрығымен ұрланған Айгүл Мекешова одан материалдық және моральдық залал ретінде 12 млрд теңгеге жуық ақша өндіруге ниетті екенін хабарлағанбыз.
Гүлмира Сатыбалды – Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі.
Өткен жылы сот үкімімен Қайрат Сатыбалды 6 жылға бас бостандығынан айырылды.