Финляндия сыртқы істер министрі Пекка Хаависто елдің НАТО-ға кіруі туралы құжатқа қол қойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Польшаның премьер-министрі Матеуш Моравецки Финляндияның НАТО-ға мүше болғанын бірінші болып жариялады. Ол Финляндияны құттықтап, мықты серіктестер Польшаның, аймақтың және бүкіл әлемнің қауіпсіздігінің кепілі екенін атап өтті.
Ал, жергілікті БАҚ елдің НАТО-ға қосылуының ресми рәсімі кешке болатынын жазуда.
Ресей Федерациясы бұған дейін реакция білдірді: Сыртқы істер министрінің орынбасары Александр Грушко Ресей елдің батыс және солтүстік-батыс бағытында, Финляндиямен шекарада өзінің әскери әлеуетін күшейтетінін айтты.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 31 наурызда түрік парламенті Финляндияның НАТО-ға қосылуын мақұлдады, соған байланысты Столтенберг НАТО-ға мүше 30 елдің барлығы қосылу хаттамасын ратификациялады деп мәлімдеді.
Еске салайық, Финляндия мен Швеция Украинадағы соғыс басталғаннан кейін НАТО-ға кіру туралы шешім қабылдаған болатын. Түркия Финляндия мен Швецияны күрд топтарын қолдады деп айыптап, келіссөздердің басталуына тосқауыл қойды, бірақ маусым айының соңына қарай тараптар консенсусқа келе алды.