Астана қаласы Байқоңыр ауданының N2 судьясы Кемеңгер Имашев дүйсенбіде Гүлмира Сатыбалды ісі бойынша жәбірленуші Айгүл Мекешоваға бірнеше компанияның акцияларын беруді көздейтін медиативтік келісімді іс материалдарына тіркеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Естеріңізге сала кетейік, Айгүл Мекешова – Maxi Bottlers ЖШС акцияларының бұрынғы иесі, Гүлмира Сатыбалды ісі бойынша жәбірленушілердің бірі. Ол 2020 жылдың қазан айында Сатыбалдының бұйрығымен ұрланып, компанияның акцияларын Назарбаевтың бұрынғы келінінің сенімді адамдарының атына қысыммен жазып берген.
Дүйсенбі күнгі отырыста сөз сөйлеген Гүлмира Сатыбалдының қорғаушыларының айтуынша, Мекешова медиативтік келісімге қол қоюға келісті және талап қою арызынан бас тартты.
Атап айтқанда, медиативтік келісім Мекешоваға Galanz Bottlers акцияларының 46,75%-ын, сондай-ақ Maxi Bottlers ЖШС-нің жарғылық капиталында 25% үлес беруді көздейді.
"Мекешова бұл акцияларды қабылдайды, талап қою арыздарынан бас тартады", - деді адвокат.
Сот процесі барысында іс бойынша тағы бір жәбірленуші – кәсіпкер Тұрсен Алагөзов медиативтік келісімнің жасалуына қарсылық білдірді. Оның қорғаушысының пікірінше, аталған акциялардың түпкілікті иесін анықтау керек.
Алайда сот іс материалдарына медиативтік келісімді енгізу туралы шешім шығарды.
Айта кетсек, бұдан бұрын Maxi Bottlers ЖШС бұрынғы иесі Айгүл Мекешова өтемақы ретінде 760 млн теңгеден астам ақша сұрады. Ол Гүлмира Сатыбалдының бұйрығымен қалай ұрланғанын егжей-тегжейлі айтып берген болатын.
Ал кәсіпкер Алагөзов Гүлмира Сатыбалдыдан 6 миллиард 985 миллион теңге шығын және 5 миллиард теңге мөлшерінде моральдық шығын өндіріп алуға ниетті.