×
483.23
534.74
5.12
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
483.23
534.74
5.12

Жаңаөзендіктер жұмыстан бас тартып, Тоқаевтан Астанада ереуілге шыққан мұнайшыларды босатуды сұрады

11.04.2023, 21:14
Жаңаөзендіктер жұмыстан бас тартып, Тоқаевтан Астанада ереуілге шыққан мұнайшыларды босатуды сұрады

Жаңаөзенде жергілікті кәсіпорындардың қызметкерлері Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасады. Олар Астанада ұсталған жұмысшыларды босатуды талап етіп отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Сондай-ақ кейбір жергілікті кәсіпорындардың жұмысшылары да Астанада ұсталған жұмысшылар босатылмайынша, жұмыстарын жалғастырудан бас тартып жатқаны мәлім болды.

Көшеге жиналған азаматтар да 2011 жылы наразылық білдірген мұнайшыларды ұстау кезінде көптеген адам қаза тапқанын еске алды. Сосын, олардың айтуынша, Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Жаңаөзенде болып жатқан оқиға туралы қате хабарланған.

Ал, Жаңаөзендегі әкімдік ғимаратының алдында ерлер де, әйелдер де, зейнеткерлер, тіпті жасөспірімдер де жерлестерін жіберуді талап етуде.

Сәуірдің 11-і күні Астанадағы Энергетика министрлігі ғимаратының жанында пикетке шыққан жаңаөзендік мұнайшыларды тәртіп сақшылары ұстап әкетті.

Алғашында жұмысшыларды қоршауға алған полиция қызметкерлері содан кейін барлық олардың жүктерін жинап алып, автозактарға тиеді.

Бейнежазбадан жұмысшыларды тәртіп сақшыларының қалай күштеп ұстағанын көруге болады.

Сәуірдің 10-ы күні Астанадағы Энергетика министрлігі ғимаратының алдына мұнай кәсіпшілігіне қызмет көрсететін мердігер «Берәлі Маңғыстау» компаниясының 70-ке жуық бұрынғы жұмысшысы жиналды.

Ер азаматтар Астанаға Жаңаөзеннен келген, өздері түсіндіргендей, олар шарасыздықтан жолға шыққан. «Берәлі Маңғыстау» компаниясы тендерде жеңіліп, барлығы жұмыссыз қалған.

Жаңаөзендік жұмысшылар түні бойы далада болды.