×
460.95
487.18
8.66
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
460.95
487.18
8.66

Тоқаев: Декарбонизация саясаты энергетикалық қауіпсіздік саясатымен қайшы келіп жатыр

09.06.2022, 16:45
Фото: Ашық дереккөзден

Астанада Президент жанындағы шетелдік инвесторлар кеңесінің 34-жалпы отырысы өтіп жатыр. Отырыста бірінші болып мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Жиынға әлем елдерінен инвесторлар, оның ішінде Еуропалық даму және қайта құру банкінің президенті Одиль Рено Бассо, Азия даму банкінің өкілі Лакшми Нивас Миттал, Шеврон корпорациясының вице-президенті Джеймс Джонсон және тағы басқалар келген. Әлихан Смайылов бастаған Қазақстан үкіметінің барлық мүшелері де жиында отыр.

«Біз шынайы нарықтық еркіндік пен бәсекелес экономика құруға бағытталған елдің жаңа экономикалық бағдарын жүзеге асырып жатырмыз. Осыған орай инвестициялық ахуалды жүйелі түрде жақсартуға ерекше назар аударамыз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы бүгінгі кеңес отырысының тақырыбы экономиканы декарбонизациялауға және төменкөміртекті технологияларды енгізуге арналғанын атап өтті.

«Бұл мәселе бұрын-соңды осыншама өзекті болған емес. Климаттық өзгерістердің сезілуі, оның ішінде ауа температурасының жоғарылауы бүкіл әлемде байқалады. Сарапшылардың болжамы көңіл көншітпейді. Астық түсімінің және су ресурстарына қолжетімділіктің төмендеу қатері бар. Мұның барлығы кідіріссіз жүйелі іс-шаралар қабылдауды талап етеді. Бүгінде Қазақстанда парникті газ шығарындыларының 80 пайызы қазбалы отынмен энергия өндіруге байланысты. Осынау негізгі фактор елдің климатына теріс әсерін тигізеді. Сондықтан энергетика саласын жаңғырту біз үшін айқындаушы мәнге ие», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, климаттық және технологиялық қиындықтардан басқа, әлемде жаңартылатын энергия көздеріне көшудің өзектілігі жаңа геосаяси контекстті күн тәртібіне шығарған. Бірақ, екінші жағынан, энергетикалық тәуелсіздікке деген ұмтылыс бірқатар елдерді көмір кеніштерін қайта ашуға және көмірмен жұмыс істейтін электр станцияларының жұмысын қалпына келтіруге итермелейді.

«Ақыры кейбір мемлекеттерде декарбонизация саясаты энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саясатымен қайшы келіп жатқанын көріп отырмыз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің жалпы отырысында.

Президент аталмыш мәселе бойынша отырысқа келген инвесторлардан нақты ұсыныстар легін күтетінін мәлім етті.

«Мен бүгінгі кездесуді осы мәселе бойынша интерактивті өзара іс-қимыл ретінде өткізуді ұсынамын. Презентацияларыңызда Қазақстанға өзінің ұзақ мерзімді мақсаттарына қол жеткізуге көмектесетін негізгі құралдар ретінде ең алдымен жасыл және энергия тиімді технологияларды қабылдауға қатысты қандай тәсілдерді ұсынатындығыңызға қатысты пікірлеріңізді естігім келеді», - деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы.