Алмалы аудандық сотында ҰҚК департаментінің бұрынғы бастығына үкім оқылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Сот үкімімен ол алты жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, оған мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, қаржы ұйымдарында 10 жылға қызмет атқаруға тыйым салынды.
Сонымен қатар, ол ҰҚК генерал-майоры арнайы атағынан айырылды.
Айта кетейік, қаңтар оқиғасы кезінде ҰҚК және ІІМ бірқатар бастықтары әрекетсіздік танытты.
"5 қаңтарда Алматы қаласында, Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстарында екі полиция департаменті мен ҰҚК үш департаментінің бастықтары өз ғимараттарын тастап кетті, онда қару-жарақ болған. Мұны шабуылдаушылар пайдаланды. Осы фактілер бойынша жеті қылмыстық іс қозғалды. Олар бойынша тергеу әрекеттерінің негізгі көлемі аяқталды. Алматы қаласы ҰҚКД бастығы Мәжілісов қамауға алынды", - деп хабарлаған еді Бас прокуратура.
Еске салайық, бұдан бұрын ҰҚК экс-төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның үш орынбасарына үкім шыққан.