Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен АҚШ-тың еліміздегі Елшісі Дэниел Розенблюм Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Бұл туралы Ulysmedia.kz хабарлайды.
Келіссөздер барысында Қазақстанның АҚШ-ты екіжақты және көпжақты форматтағы стратегиялық әріптесі ретінде қарастыратыны атап өтілді.
Жиында бүгінде Қазақстан Республикасында 900-ден астам бірлескен кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатқаны белгілі болды. Өткен жылы елдер арасындағы тауар айналымы 40 пайызға дерлік өсіп, 3,1 миллиард долларды құрады.
Бұл ретте Қазақстан сауда көлемін одан әрі арттыру үшін айтарлықтай әлеуетті көріп отыр және 90 тауар позициясының экспортын 800 миллион долларға арттыруға дайын.
Бұл ретте АҚШ Қазақстанға тікелей инвестиция тарту бойынша көшбасшылардың бірі болып табылады. Өткен жылы АҚШ-тың инвестиция ағыны екі есеге жуық өсіп, 5,1 миллиард доллардан асты, бұл пандемия алдындағы рекордтық деңгейге сәйкес келеді.
Өз кезегінде Дэниел Розенблюм ортақ мүддеге негізделген Қазақстан-Америка қарым-қатынастарын одан әрі дамытудың орасан зор әлеуетін атап өтті.
"Біз инвестициялық көрсеткіштерді нығайтып, екіжақты сауда айналымын ұлғайтқымыз келеді. АҚШ компаниялары Қазақстандағы әртүрлі салалардағы қызметін кеңейтуге мүдделі. Бұл тау-кен металлургиялық кешеніне, ауыл шаруашылығына, денсаулық сақтау саласына, ақпараттық-коммуникациялық және жасыл технологияларға, сондай-ақ тасымалдау ісіне қатысты», - деді Дэниел Розенблюм.
Ол көптеген секторларды ұсынатын 20-ға жуық американдық компанияның іскерлік миссиясын құруды және осы жазда Қазақстанға келуді жоспарлап отырғанын айтты.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықтың барлық өзара тиімді бағыттары бойынша белсенді байланыстарды сақтауға дайын екендіктерін растады.