Депутат Серік Ерубаевтың айтуынша, жанармай құнының өсуіне, сондай-ақ дизель отынының тапшылығына байланысты жүк тасушылар мен жүргізушілер жер-жерде наразылық акцияларын ұйымдастырып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы.
«Мұнай өнімдерінің бағасына экономикамыздың барлық саласы. Оның бағасы, қарапайым тұтыну тауарларынан бастап, стратегиялық маңызы бар шикізаттың құнына да тікелей әсер етеді. Яғни, дизель бағасының көтерілуі, біздің кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін төмендететіні анық. Ал, дизельдің саудада болмауы, тіпті экономиканы тығырыққа әкеліп соғатын тура жол», - дейді ол.
Депутаттың айтуынша, мұнай өнімінің маусымды тапшылығы, жыл сайын қайталанатын көрініске айналып кеткен. Қазақстанда халық санының ұлғаюы, экономиканың өсуі, автотранспорттың көбейуі, жұмыс істеп тұрған Атырау, Шымкент, Павлодар мұнай өңдеу зауыттарының қуаты жеткіліксіз екендігі байқала бастаған кезде төртінші зауытты салу мәселесі қызу талқыланған болатын. Бірақ, бұндай шешім қабылданбай, қолданыстағы зауыттарға жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Алайда, жаңғырту жұмыстарын жүргізгеннің өзінде, өндіріс қуаты жеткіліксіз болып қалғандығын уақыт көрсетіп отыр.
«Өкінішке қарай, министрлік өз деңгейінде отандық дизельмен ішкі нарық сұранысын қамтамасыз ете алмайтындығын мойындап отыр. Осыған байланысты, мұнай өңдеу бойынша қосымша қуаттарды құру мәселесі алдыңғы қатарға шықты. Қазіргі кезде дизель бағасының 189 теңгеден 240-285 теңгеге көтерілгенің көріп отырмыз. Халық арасында бұл бағаның өсуі, жасанды емес па деген ой туғызады. Осы орайда, монополияға қарсы өкілетті органдарға сұрақтар бар», - дейді ол.
Серік Ерубаев қосымша тағы мұнай өндірісін дамытсақ, біз мұнай ғана емес, мұнай өнімдерін экспорттаушы мемлекет бола алатынымызды айтады. Оған объективті негіздер бар, өйткені, қазақстандық бензин мен солярканың бағасы көрші елдерден әрдайым төмен.
«Қалыптасып отырған күрделі жағдайды шешу жолдары ретінде, бензин және дизель шығара алатын тек мемлекеттік мұнай өңдірушілерге қарап қалмай, осы бағыттағы жеке меншік кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетуді ұсынамыз. Ондай жобалар бар, бірақ тиісті қолдау таппай, қажетті деңгейге шыға алмай отыр. Сонымен қатар, дизель отынның тапшылығында және оның қымбаттауында картельдік сөз байласу фактілері, сондай-ақ, қаншалықты рынок механизмінің ықпалы бар, ал қаншасы заңсыз монополияның ойындарымен негізделген, соған тексеру ұйымдастыруды сұраймыз», - деп түйді Серік Ерубаев.