Биыл елімізде интернеттің сапасына қатысты 5 мыңнан астам шағым түскен. БҰл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің атына жолдаған сауалында Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Биылғы 1 сәуірдегі мәліметке сүйенсек, Қазақстандағы халық саны 200 мыңнан асатын 1432 ауыл кең жолақты мобильді интернетке қосылмаған. Бұл ресми дерек. Шынайы жағдайға тоқталсақ, ғаламторды атымен көрмеген елді мекендер саны бұдан әлденеше есе көп болуы мүмкін. 2020 жылы мемлекет Қазақстан Республикасы халқының 98,7%-ын интернет желісіне кеңжолақты жүйемен қамтамассыз етті дегенді де ел естіді. Басқасын былай қойғанда, бас қаланың біраз жерінде интернет әупірімдеп әрең істейді», – деді Н.Сәрсенғалиев.
Мәжілісменнің айтуынша, интернетсіз елді мекендерде қиындықты ұстаздар мен оқушылар сезініп отыр.
«2023 жылдың 4 айының өзінде қазақстандықтар сапасыз интернетке қатысты 5 мыңнан астам арыз-шағым түсірген. Осы жерде заңды сауал туады, сапасыз интернетті ұсынған операторларға қанша айппұл салынды? Тиісті межеге жету үшін жауапты министрлік қандай қарекет қылып жатыр? Атқарылған жұмысты түгел жоққа шығарудан аулақпыз, бүгінгі күнге дейін 6290 ауылдың 4974-іне кең жолақты мобильді интернет тартылған. Ал қалған мыңнан астам елді мекендегі халықтың құқығы шектеліп қалған жоқ па?», - деді депутат.
Осы ретте ол тиісті ұсыныстарды жариялады. Біріншіден, сапасыз интернет пен ұялы байланыссыз отырған ауылдардағы проблеманы шешу үшін Үкіметте арнайы комиссия құруды, оның құрамына қоғам белсенділерін, сала мамандарын және депутаттарды қосуды сұрады.
«Министрліктің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, ұялы байланыс пен интернеті жоқ ауыл-аймақтардың тізімін атын атап тұрып ашық жариялау қажет. Интернетсіз отырған ауыл-аймақтардың тұрғындары өзі тұрып жатқан елді мекенге қашан, қай кезде ғаламтордың қосылатынын нақты білуі керек. Сондықтан, министрлік қоғам алдында жауапкершілік алып, қай жерге, қашан сапалы интернеттің жететінін ашық жариялауы қажет», - деді депутат.
Айта кетейік, бұдан бұрын Сенат депутаты Геннадий Шиповских те еліміздегі интернет сапасын сынға алған.