×
494.87
520.65
4.91
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
494.87
520.65
4.91

Қазақстан әуежайлары маңында 1200-ден астам жер учаскесі заңсыз берілген

30.05.2023, 10:49
Қазақстан әуежайлары маңында 1200-ден астам жер учаскесі заңсыз берілген
фото: ашық дереккөзден

Бұл туралы Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Бас прокуратураның тексеріс жүргізуі барысында әуежайлардың санитарлық-қорғау аймағының шекарасында жергілікті атқарушы органдардың 1 200-ге жуық учаске бергені анықталды. Оларда 900-ден астам ғимарат салынған. Сондай-ақ, аэродром маңындағы аумақтарда, әуежай комиссияларының келісімінсіз 100 мыңнан астам түрлі объектілерді салу фактілері бар. Заңсыз құрылыс салу бойынша неғұрлым күрделі жағдай Алматы, Шымкент, Атырау және Ақтөбе қалаларында байқалады», - деді министр.

Оның атап өтуінше, аэродром маңы аумақтарын пайдалану бойынша нақты талаптарды белгілеу мақсатында аэродром айналасында орналасқан жер учаскелеріне құқықтар беру тәртібіне түзетулер енгізілді.

«Қазақстанның авиациялық әкімшілігіне ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін қызметтерге рұқсат беру құзыреті берілген. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан жер учаскелерін беру кезінде заңнама талаптарын сақтау жөнінде пәрменді іс-шаралар қабылдауы, сондай-ақ бұрын тұрғызылған заңсыз құрылыстар бойынша тиісті іс-шаралар атқаруы қажет», - деді Марат Қарабаев.

Премьер-Министр Әлихан Смайылов заңсыз берілген жер учаскелерін алып қоюды тапсырды.

«Индустрия министрлігі Қаржы министрлігімен, әкімдіктермен және әуежайлармен бірлесіп, әуежай инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі жол карталарын әзірлеу қажет. Сонымен бірге, әкімдіктермен бірлесіп, әуежайлардың маңындағы заңсыз берілген жер учаскелерін алып қою жұмыстарын жүргізу керек. Энергетика министрлігімен және «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, авиакеросин өндірісін ұлғайту мәселесін пысықтау қажет. Сондай-ақ, авиаотын нарығындағы делдалдық схемаларды болдырмау жөніндегі жұмыстарды күшейту қажет», - деді үкімет басшысы.

Айта кетейік, бұдан бұрын Алматы әуежайының сауда алаңдарын жеке тұлғалар заңсыз иемденіп алғаны хабарланған.