Ақтөбе қалалық полиция бөлімінің бұрынғы бастығы Есбол Ешмұханов алаяқтық және жемқорлық ісі бойынша сотталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Істі қараған Ақтөбе қаласы №2 сотының мәліметінше, бұрынғы полиция қызметкері А. заңсыз материалдық баю мақсатында жәбірленуші И.-ны пайдаланып, полиция бөлімінің бастығы полковник Ешмұхановқа пара беруге айдап салған.
“28.03.2023 жылдан 03.04.2023 жылға дейінгі кезеңде сотталушы А. жәбірленуші И.-мен кездесіп, алдау және сенімді теріс пайдалану жолымен лауазымды тұлға Е.-ге пара беру сылтауымен жәбірленушіден қылмыстық қудалауды тоқтату үшін 450 000 теңге сомасында ақшалай қаражат алған. 03.04.2023 жылы Е. лауазымды тұлға, яғни қалалық полиция бөлімінің бастығы бола тұра алдау және сенімді теріс пайдалану жолымен айдап салушысы А.-дан жеке кездесу барысында И.-ға қатысты қылмыстық істің оң нәтижесі үшін 200 000 теңге сомасында ақшалай қаражат алған”, – делінген сот хабарламасында.
Сот полиция бөлімінің экс-бастығын кінәлі деп танып, оған өмір бойына мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырыла отырып, жымқырған мүліктің 10 еселенген мөлшерінде, яғни, 2 000 000 теңге айыппұл түріндегі жаза тағайындады. Ол «полиция полковнигі» арнайы шенінен айырылды.
”Сот А.-ны кінәлі деп танып, оған мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан өмір бойына айыра отырып, ҚК-нің 58-бабы қолдана отырып, жымқырған мүліктің 20 еселенген мөлшерінде, яғни, 9 000 000 теңге айыппұл түріндегі жаза тағайындады”, – деп мәлім етті сот.
Айта кетейік, бұдан бұрын Павлодарда адам азаптаған полицейге үкім шыққан.