Бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен Жетісу облысындағы «Өркен балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» КММ қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, тергеу барысында мекеме қызметкерлері 2015-2022 жж. Жұмысқа қабылданып, шын мәнінде еңбек қызметін нақты жүзеге асырмаған алты адамға жалақыны есептеу арқылы 16 млн теңгеден астам бюджет қаражатын заңсыз аударғаны анықталды.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Ведомство ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесін көздейтін өзге де мәліметтер жарияланбайтынын мәлім етті.
Айта кетейік, бұдан бұрынТалдықорған қалалық білім бөлімі бас есепшісінің үйінен 1 миллиард теңге, сондай-ақ қымбат мүліктің құжаттары табылған еді. 48 жастағы әйел шетелге қашып кетпекші болған. Бірақ тәртіп сақшылары оны ұстап үлгерді. Үйін тінту кезінде 942 млн 902 мың теңгеден астам қаражат тәркіленді. Бас есепші ұрлаған ақшаның басым бөлігін шетелдік валютаға айырбастап қойған. Бұдан бөлек, 14 пәтер, 7 коммерциялық нысан мен Лэнд Крузер 200 маркалы көліктің құжаттары табылды. Зергерлік бұйымдар да шықты. Қазіргі кезде 1 млрд 200 млн теңгеге бағаланған дүние-мүлікке уақытша шектеу қойылды.
Көп ұзамай Талдықорған қаласы Білім бөлімінің басшысы да тергеліп жатқаны белгілі болды.