Қазақстанда бүкіл стилдегі каратэден халықаралық турнир өтті. Дүбірлі додаға қатысқан жас спортшылардың жартысынан астамы жеңімпаз атанды. 500-ден астам жас спортшының бір алаңда жиналуына демеушілік танытқан «Халық» қайрымдылық қоры.
Биылғы турнирде жеңімпаздар саны айтарлықтай көп болды. Қазақстан атынан турнирге еліміздің әр аймағынан, аудандары мен ауылдардан каратэші балалар қатысты.
Бір баланың кемінде бес жанкүйері бар
Алматыда өткен турнирде – Украина, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Түркіменстан, Моңғолия және Қазақстан атынан 500-ден астам спортшы татамиге шықты. Қатысушылар арасындағы ең кішісі – 5 жаста болса, үлкені – 17-де.
«Турнирге қатысқан әр спортшы өз шеберлігін осы сайыста көрсете білді. Мұндай жетістікке олардың әрқайсысын ішкі тәртіп, шыдамдылық пен төзімділік жетелейтіні сөзсіз, – деді Қазақ туризм және спорт академиясының кафедра меңгерушісі Талғар Ахмадиев, – Ал жанкүйерлер мен қонақтар жекпе-жек өнерінің барлық қырын тамашалады. Турнирге қатысушылар балалар екеніне қарамаста, олар нағыз кәсіби спортшының біліктілігін көрсете алды. Бір сөзбен айтқанда, каратэ баланың бойында ең құнды қасиеттерді қалыптастырады әрі кәсіби спортқа жетелейді.
Талғар Ахмадиев каратэмен ұзақ уақыттан бері айналысып келе жатқан маман, тәжірибесі мол жаттықтырушы. 90-шы жылдардың ортасынан бері шәкірт тәрбиелеуде. Бүгінде олар танымал спортшы, жаттықтырушы, нұсқаушы. Каратэден халықаралық турнир өткізуді ұсынған да Талғат Мұхтарұлы. Спортшының мінезі жарыстарда шыңдалатыны ақиқат, сондықтан жаттықтырушы балалардың жас кезінен бастап бәсекеге қабілетті болуы үшін аянбай тер төгуде.
«Турнирде бақ сынасқан спортшылар балалар мен жасөспірімдер екенін ескерген жөн. Десе де олар кей ересектермен иық тірестірер деңгейде дер едім. Жас спортшыларымыздың алда үлкен спорт әлемінде бой көрсеткенін қалаймын. Тек жас спортшыларымыз емес, олардың ата-анасы, ата-әжесі де осы деңгейді тамашаласа деген тілек айтамын. Білесіздер, кез келген спорттың отбасыны ұйытатын күшті құдіреті бар. Мәселен, біздегі каратэге қатысатын бір баланың кемінде 5 жанкүйері бар. Спортшыға қашанда қолдау керек, ал балалар осындай қолдауды тіпті асыға күтеді. Баланың жеңген-жеңбегені маңызды емес, ең бастысы ол татамиге шықты, оның өзі үлкен батылдықты қажет етеді. Бала үшін бұл да үлкен жеңіс», - дейді Талғар Ахмадиев.
Рухты шыңдайтын спорт
«Талғар Мұхтарұлы спортта да, өмірде де өте нағыз зиялы кісі», - дейді Диляра Бейсенова жаттықтырушы туралы. Диляра ханымның екі ұлы да каратэмен айналысады. Үлкені Темірлан – 22 жаста, спорт шебері, ал кішісі Мәди 16 жаста – спорт шеберінің кандидаты. Темірлан - өткен жылы Бакуде өткен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Тіпті, киноға да түсіп үлгерген. Қазір блогерлікті қолға алыпты. Жалпы, өз өмірін журналистикаға арнағысы келеді.
«Каратэге отбасымыз Темірлан арқылы келдік. Ол 7 жасында Ақсайдан секцияны өзі тауып алып, жертөледе орналасқан секцияға бір ай қатысқан екен, содан кейін оған ата-анасын ертіп келуді сұраған», - дейді Диляра.
Содан кейін кезек кенжеміз Мәдиге келді – алдымен ол ағасы қатысқан спортты бақылады, кейін спортпен айналыса бастады. «Жұбайым басында кенжемізді жарақат алады деп, каратэге беруге қорыққан болатын. Кейін кішісі үлкендердің ізін басқанына қуанды. Бүгін отбасы Алматыда өтетін турнирде Мәдидің қолдаушылары болмақ.
«Мен каратэні не үшін жақсы көремін? Бұл рухты шыңдайтын спорт. Ол маған мақсатқа жетуге көмектеседі. Мақсат - жеңіске жетелейтін жол», - деді Мәди татамиге шығар алдында.
«Шынымды айтсам, басында баламыз каратэден бас тартады деп ойладым, әсіресе жасөспірім кезінде ойын өзгертер деген ойда болдым, ал ол өз шеберлігін шыңдай түсті. Мәдиім мейірімді, ол ешқашан өзінен әлсізді ренжітпейді, әлімжеттік көрсетпейді. Органда жұмыс істегісі келеді. Қайсарлығы бар. Ол жақында Шымкентте өткен турнирге қатысып, өз санатындағы балалармен емес, 17 жастағы үлкен жігіттермен жекпе-жекке шығып, екінші орын алды. Менің ойымша, каратэ ұлдарымның мінезіне қатты әсер етті», - дейді Диляра. Қазір оның отбасында тағы бір каратэші бар – Диляраның өзі де осы спорт түрін таңдаған.
Бүгінгі таңда бұқаралық спортты дамыту – мемлекеттік маңызы бар істердің бірі. Бұл туралы ҚР Парламентінде сөйлеген сөзінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев та атап өткен:
«Әсіресе балалардың спортпен айналысуына жағдай жасау қажет. Мұның бәрі халықтың денсаулығын жақсартуға мүмкіндік береді. Спорт саласын өркендетуге жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, меценаттардың және жарнама берушілердің әлеуетін пайдалану қажет. Сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тәсілін кеңінен қолдану керек. Бұқаралық спортты дамытуға тұрғындардың ынта білдіріп, белсенді атсалысуы маңызды», - деді президент. Ол сондай-ақ мемлекет бұл үшін барлық жағдай жасауы тиіс екенін атап өтті. Бұқаралық спортты дамытуға өз қаражатын салатын кәсіпкерлер мен салауатты өмір салтын насихаттауға көмектесетін азаматтар ең жоғары мемлекеттік наградаларға ие болады.
Ұстаздың ізін жалғастыру
«Жалпы, каратэ - жекпе-жектің ең қауіпсіз түрлерінің бірі. Мұнда ауыр жарақат алу ықтималдығы айтарлықтай төмен», - дейді каратэші Асан Ауғамбаев.
Асан - Талғар Ахмадиевтің шәкірті. Ал Талғат Ахмадиев 20 жылдық тәжірибесі бар білікті жаттықтырушы. Осы турнирде бас тренердің шәкірттері де, Асан баптаған жас спортшылар да жекпе-жекте бақ сынасты. Жалпы, шығыс жекпе-жегінде ұстаздың ізін жалғастыру қалыптасқан әдемі дәстүр.
Алматыда каратэден халықаралық турнир балаларды қорғау күніне және полковник Роберт Мосоловтың 100 жылдығына орай ұйымдастырылды. Полковник Мосолов аты аңызға айналған «Қара майор» Борис Керімбаевтың тәлімгері болған.
«Полковник Мосолов аты аңызға айналған тұлға. Спортты ерекше дәріптеген кісі. Батыл, бірбеткей мінезді, ол қатардағы сарбазды әрқашан штаб генералынан жоғары қойған басшы. Мұндай тұлғаларды ұмытпауымыз керек», - деді Алматыдағы жауынгерлік жекпе-жек қауымдастығының басшысы Құрмет Нүкенов.
«Полковник Мосоловтың 100 жылдығына орай турнир өткізу идеясымен бізге Жекпе-жек қауымдастығынан әріптестеріміз ой тастады. Біз қолдадық. Себебі шығыс жекпе-жегі философиясының құндылығы - дәстүр, сабақтастық және тәлімгерлік. Жақсы спортшы ұстазы жеткен деңгейге жетуге барын салады, ал ең жақсылары одан асып түсуге тырысады», – деді Талғар Ахмадиев.
Әмір Өтегенов - 17 жаста. Ол ұстазынан асып түспесе де, сол жолға ұмтылуда. Бастапқыда жекпе-жекті қорғану амалы ретінде қабылдағанымен, біртіндеп спорт оның өмірінің мәніне айналған.
«Каратэ – бұл үлкен жол. Бұл жолда жеңіс те, жеңіліс те болатынын түсінуміз керек – мұның бәрі өз-өзіңді тануға септігін тигізеді», - дейді Әмір. Спортшының айтуынша, көпшілік каратэні элиталық спорт түрі деп санайды. «Шынымен де солай шығар, мұнда да өзге спорт түрлері сынды керек-жарақтарға, секцияларға, жиындарға қаржы жұмсау қажет, бірақ ең қиыны жаттықтырушы табу», - дейді Әмір.
Динара, Әмірдің анасы, ұлының каратэмен тәулік бойы айналысатынын және бұл спортқа 10 жасында келгенін еске алды. Динара мамандығы бойынша психолог, ол ұлының ар-намыс, қадір-қасиет және батылдық сияқты ұғымдарды каратэ арқылы терең түсінгеніне сенімді.
«Баланың ішкі дүниесі және баланың өзін және отбасын қалай қорғай алатыны туралы сезім қалыптасады. Әмірдің өмірлік бағыты мен адами құндылықтарын айқындауға каратэ көмектесті. Одан бөлек, айналадағы түрлі жағдайлар да оны каратэге бергеніміздің тағы бір себебі. Біз оны «көшедегі өмірден алып кетуіміз керек – бар энергиясын татамиде шығарсын» деп ойладық», - дейді Динара.
Бүкіл стильдегі каратэден турнир Алматыда бесінші жыл қатарынан өтуде. Бірақ биыл турнирде рекорд орнатылды – қатысушылардың жартысынан көбі жүлдегер атанды. Биылғы турнирде «Халық» қайырымдылық қоры бас демеуші болды.
«Еліміздің әр ауылында балалардың спортпен шұғылдануға мүмкіндігі болғаны керек. Көріп отырғанымыздай, Алматыдағы каратэ сайысына еліміздің облыстарынан, аудан және ауылдардан балалар қатысты. Спорт – осы балалардың басым бөлігіне өзін-өзі шыңдауға, жалпы өзін-өзі көрсетуге жол ашатын мүмкіндік»,- деді «Халық» қайырымдылық қорының Алматы облысындағы филиалының директоры Ғалымбек Жақсылықов.
«Біздің жаттықтырушылар мен нұсқаушылар өз ісін жақсы көретін, балаларға бей-жай қарамайтын мамандар. Бірақ бүгінде ауылдарда осындай кадрлар тапшы. Ал ауыл баласы спортқа шымыр келеді. Олар өте ынталы, бірақ оларға көмектесіп, бағыт беретін жаттықтырушы керек. Қазір академияны бітірген соң ауылға бар ауылға барамыз деп отырған екі студент бар. Бірақ әзірге мұндай маман екеу ғана! Ал ауыл саны көп қой!», - дейді Қазақ туризм және спорт академиясының кафедра меңгерушісі Талғар Ахмадиев.
Бір кездері каратэге тыйым салынғаны есте. Көптің қалауы осы спортқа ауып, татамиге жасырын түрде қатысатын. Бүгінде Қазақстанда каратэмен еліміздің 12 облысында кемінде 5 мың адам айналысады, оның 3 мыңы – бала.
«Бүгінде каратэ бұқаралық спортқа айналып келеді деп сеніммен айта аламын. Бұл жай спорт емес, өмірлік философия. Каратэ сонысымен қызықты. Ия, мәселе баршылық – жастар қалаға кетіп, ауылға бірен-сараны ғана оралады, онда спорт кадрлары жетіспейді. Кез-келген үлкен спортшының жеңісі ауладағы спорттан басталады, үлкен турнирлерге жол сол жерден жол ашылады. Сондықтан біз мүмкіндігінше спорт секциялары мен жаттығу алаңдарын барынша ашуымыз керек. Сондай-ақ, бүгін ашық турнирлерді көбірек өткізу қажет. Бұл – жауынгерлік тәжірибе, онсыз біз ірі халықаралық турнирлер мен чемпионаттарда лайықты өнер көрсете алмаймыз», - деп есептейді Каратэ федерациясының президенті Данияр Исаев.
«Халық» қайырымдылық қоры ауылға жас мамандарды, жаттықтырушылар мен нұсқаушыларды барынша тартуға қолдау танытпақ.
«Қордың келесі жобаларында жаттықтырушылар мен нұсқаушылар сияқты жас мамандарды қолдауға бағыттамақпыз. Бұл ауыл жастарының да, балалардың да спортпен шұғылданып, барынша салауатты өмір салтын ұстануға септігін тигізері сөзсіз», - деді «Халық» қайырымдылық қорының Алматы облысындағы филиалының директоры Ғалымбек Жақсылықов.
Қордың қайырымдылық бағдарламалары әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, мәдениет, білім беру сияқты түрлі салаларды қамтиды. Ал спорт – басым бағыттардың бірі. Көмек тек шығыс жекпе-жегін қолдаумен шектелмейді. Мәселен, 15 маусымда Алматы облысында «Халық» қайырымдылық қоры филиалының қолдауымен ауыл балалары арасында 1-ші «Halyk Open Cup» футбол турнирі өтпек. Жарыстың мақсаты – ауылдық футболды қолдау, осы спортқа шалғай аудандардан балаларды тарту және жас футболшылардың шеберлігін арттыру.