Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов депутат Дәулет Тұрлыхановтың ұлының қылмыстық ісіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Біз сот шешіміне жауапты емеспіз. Қылмыстық іс қозғалып, жіберілді. Енді сот үкімі жарияланады. Жауапкершіліктен ешкім жалтармайды. Мен қылмыстық іс бойынша түсініктеме бере алмаймын, қылмыстық қудалау органдары бар. Сондықтан сот шешім жасайды», - деді Руслан Жақсылықов Мәжілісте кулуарында.
Министр депутаттың ұлы жауапкершіліктен жалтармайтынына сендірді.
«Cарбаздың бәрі мен үшін бірдей. Егер заң мен тәртіпті бұзса, онда жауапқа тартылады. Ешкім де жасырынып жүрген жоқ. Еліміздің заңы бар және тиісті шешім заңнамаға сәйкес жасалады», - деді ол.
Еске салайық, ақпан айында заңгер Анна Димитриевич күйеуі Олег Чернов екеуін Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл соққыға жыққанын мәлімдеді.
Көп ұзамай оның үстінен ҚР ҚК-нің 293-бабы “Бұзақылық” бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Бұдан бұрын Дәулет Тұрлыханов ұлының бұзақылық ісі жайлы пікір білдірген. Оның сөзінше, жәбірленушілер татуласуға ниет білдірген.
Алайда соққыға жығылған заңгерлер депутаттың сөзін жоққа шығарды.
Сондай-ақ, бұдан бұрын жәбірленушілер шабуыл жасаған кезде Тұрлыхановтың ұлы әскерде болуы керектігін айтқан.