Елімізде Facebook, TikTok және Instagram желілерін 22 млн адам пайдаланады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы Мәжілісте «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң жобасын талқылау барысында депутат Екатерина Смышляева мәлім етті.
«Заң жобасында онлайн платформалардың Қазақстан аумағында өкілдіктерін ашуын міндеттеу туралы норма көзделген. Бұл талап әділ әрі дұрыс екені сөзсіз. Дегенмен, платформалардың басым бөлігі шетелдіктер екенін түсінеміз. Яғни, олар шетелде құрылады. Соған орай бірнеше мысал келтірейін. Қазақстандық сегмент аталған әлеуметтік желілер үшін аса үлкен емес. TikTok-ты ай сайын миллиардтан астам адам пайдаланса, қазақстандық сегмент – 10 млн, Facebook-ті 2 миллиардқа жуық адам қолданса, Қазақстанда – 2 миллион, ал Instagram-ның 1,3 млрд белсенді қолданушысы бар, қазақстандық сегмент – 10 млн. Мұндай сегменттің өте төмен екендігін ескерсек, меншік иелері үшін Қазақстанда өкілдік ашу қаншалықты тартымды?», - деп сұрады Смышляева заң жобасы бойынша баяндама жасаған әріптесі Айдос Сарымнан.
Айдос Сарым өкілдік ашуда еш қиындық болмайтынына сендірді.
«Бүгінде уәкілетті органда барлық әлеуметтік желімен жақсы байланыс бар. Мұның үстіне осы уақытқа дейін TikTok компаниясы Қазақстанда ресми өкілдігін ашты. Сондықтан, меніңше, қорқытпаймыз. Сонымен қатар Қазақстан нарығы да тартымды. Халық саны біршама аз болғанымен бұл нормалар жұмыс істеп тұрған елдер де бар. Барлық әлеуметтік желі қаражат тауып жатыр әрі азаматтарға сөйлесуге, ақпарат бөлісуге мүмкіндік беріп отыр», - деді депутат.
Айта кетейік, бұдан бұрын Қазақстанда интернеттегі жарнамалық контентті арнайы белгімен таңбалау міндеттелуі мүмкін екені хабарланған.