Әлеуметтік желілерде Бестөбе кентіндегі "Алтыналмас" алтын өндіруші компаниясының ондаған қызметкері наразылыққа шыққаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Наразылық үш күннен бері жалғасуда – кейбір кеншілер көшеде жергілікті мәдениет үйі ғимаратының алдында түнеген.
“Азаттықтың” жазуынша, билік олардан мәдениет үйінің ғимараты маңынан кетуді өтінген.
Қазір 60-қа жуық адам ереуілдетіп тұр, оларды полиция мен СОБР жауынгерлері торуылдап жүр.
"Біз бұл күндері бейбіт митингте тұрмыз, мәселеміздің шешілуін күтудеміз. Түнде көшедегі прожекторды өшіріп тастады, шамасы, бізді тарасын деген болуы керек. Бірақ кеншілер өздерімен бірге шамдар, тамақ алып келді, жаңбыр астында түнеді. Таңертең мұнда көптеген полиция көліктері келді, қазір мұнда құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің қарасы көп, ауыл әкімі де жүр, СОБР да көрінеді. Мүмкін бізді тарату мақсатында шығар", - деді кеншілер.
Полиция жиналғандардың барлығын таратуды талап етіп жатыр.
"Алтыналмас" – металл кен орындарын геологиялық барлау, оларды өндіру, қайта өңдеу және өнеркәсіптік инфрақұрылым салу салаларындағы қазақстандық компания. Қазақстанда 30 жыл бойы жұмыс істеп келеді. Директорлар кеңесінің төрағасы – Владимир Джуманбаев.
Айта кетейік, бұдан бұрын Жаңаөзенде көлік компаниясының қызметкерлері наразылыққа шыққан.