×
494.87
520.65
4.91
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
494.87
520.65
4.91

"Астыртын тексеру жүргізуді тапсырдым": облыс әкімі Талдықорғандағы "бухгалтерлер ісі" жайлы

13.06.2023, 15:38
"Астыртын тексеру жүргізуді тапсырдым": облыс әкімі Талдықорғандағы "бухгалтерлер ісі" жайлы
tengrinews.kz

ОҚК-де өткен брифингте Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев жемқорлықпен ұсталған Талдықорған қалалық білім бөлімінің қызметкерлеріне қатысты іске түсініктеме берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Әкім қалалық білім беру саласындағы жемқорлық әрекеттері туралы ақпаратты былтыр желтоқсанда білгенін айтты.

«Мен құқық қорғау органдарына оларға қатысты күдіктің бар екенін білдірмей, кәсіби түрде тексеру жүргізуді тапсырдым. Нәтижесінде осындай қылмыстарға байланысы бар ірі топ анықталды. Сот шешімі шыққанға дейін бұл адамдарды қалай атау керектігін білмеймін. Бірақ олар заңды бұзды, 2 млрд теңге шығын келді. Басшы, бас бухгалтер, бас экономист және Талдықорған қаласындағы 6 мектептің бухгалтері ұсталды», - деді Исабаев.

Оның айтуынша, ұсталған алты бухгалтер үй қамақта отыр, олар өз кінәсін мойындаған.

Еске салайық, бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Жетісу облысы прокуратурасының үйлестіруімен Талдықорған қаласының білім бөлімінің қызметкерлерін ұстады.

Айта кетейік, бұдан бұрынТалдықорған қалалық білім бөлімі бас есепшісінің үйінен 1 миллиард теңге, сондай-ақ қымбат мүліктің құжаттары табылған еді. 48 жастағы әйел шетелге қашып кетпекші болған. Бірақ тәртіп сақшылары оны ұстап үлгерді. Үйін тінту кезінде 942 млн 902 мың теңгеден астам қаражат тәркіленді. Бас есепші ұрлаған ақшаның басым бөлігін шетелдік валютаға айырбастап қойған. Бұдан бөлек, 14 пәтер, 7 коммерциялық нысан мен Лэнд Крузер 200 маркалы көліктің құжаттары табылды. Зергерлік бұйымдар да шықты. Қазіргі кезде 1 млрд 200 млн теңгеге бағаланған дүние-мүлікке уақытша шектеу қойылды.

Көп ұзамай Талдықорған қаласы Білім бөлімінің басшысы да тергеліп жатқаны белгілі болды.