Шығыс Қазақстанға бүгін жаңа әкім тағайындалды. Даниал Ахметовтың орнына келген Ермек Көшербаев деген кім? Ulysmedia.kz тілшісі саясаткердің қызметтік жолына шолу жасады.
Айта кетейік, Көшербаев 2020 жылдан бері Қазақстанның Ресейдегі елшісі қызметін атқарған. Әлеуметтік желід қолданушылары оның бір күн бұрын Мәскеуден Астанаға ұшып шыққанын жарыса жазған еді.
Ермек Көшербаев 1965 жылы Алматыда дүниеге келген. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін және Дипломатиялық академияны бітірген. Шығыс Қазақстан облысының жаңа әкімі біраз қызметті атқарған.
Ол 23 жасында еңбек жолын Қазақ КСР Сыртқы істер министрлігінің аға инспекторы болып бастады. 1994 жылға дейін Сыртқы істер министрлігінде әртүрлі лауазымда жұмыс істеді.
Одан кейін Ермек Көшербаев экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жақындай түсті. 1994-1996 жылдары мемлекет басшысы кеңсесінің халықаралық бөлімінің консультанты, президенттің хаттама қызметінің меңгерушісі қызметін атқарды.
Осыдан кейін Көшербаев бір жыл дипломатиялық миссиямен ұшып кетті: Қазақстанның Швейцариядағы елшілігінің бірінші хатшысы қызметін атқарды.
1997 жылы Қазақстанға оралып, премьер-министрдің көмекшісі қызметін атқарды. 1999 жылы Тоқаев премьер-министр лауазымына келмес бұрын мемлекеттік қызметтен кеткені бар.
Жаңа мыңжылдықтың он жылында Көшербаев коммерциялық құрылымдарда басшылық қызметтерде жұмыс істеді. Оның «Қазмұнайгаз», «Қазэнерджи» және «Атамекен» компанияларындағы жұмысын атап өтуге болады.
2010 жылы мемлекет қызметіне ШҚО әкімінің орынбасары болып оралды. Сол тұстағы әкім Бердібек Сапарбаевтың бірінші орынбасары қызметін 2012-2014 жылдар аралығында атқарды.
Көшербаев Шығыс Қазақстаннан кейін Ауыл шаруашылығы министрлігіне барды. Содан кейін 2018-2020 жылдары Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы, Сыртқы істер министрінің орынбасары лауазымында болды.
2020 жылы қаңтарда Ресейге елші болып кетті.
Көшербаев тарих пәнінің мұғалімі. Қазақ, орыс, ағылшын, кәріс тілдерін меңгерген.
Отбасы
Ермек Көшербаевтің әйелі Динара Шайжүнісова. Ұлы мен қызы бар. Әйелі жайлы әлеуметтік желіде ақпарат жоқ. Бірақ кезінде ҚМГ-да оның кадрлық қызметке жетекшілік еткені белгілі.
Жалпы Шайжүнісовтер Қазақстанға танымал әулет. Шығыс Қазақстаннан шыққан отбасы. Белгілі педагог Жақия Шайжүнісовті біледі жұрт. Көшербаевтың қайынатасы Маркен Шайжүнісов Семейдің құрметті азаматы. Ол кезінде Семей облысын, қаласын басқарған. қазақ КСР Жоғарғы кеңесінде депутат болған.
Динараның туысы Әлен БАҚ-тың жазуынша, Назарбаевтың жиен немересі Венера Назарбаеваны алған. Осылайша, жаңа әкімнің алыс болса да тұңғыш президентпен туыстығы барын атап өту керек.
Ермек Көшербаев пен Динара Шайжүнісованың балаларына келер болсақ, олардың ұлы Дастан (32 жаста) 2018 жылы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ кәсіпкерлікті дамыту департаментінің қосылу және қосылу бөлімінің басшысы болып жұмыс істегені белгілі. 27 жастағы қызы Дәмелі жайлы ақпарат жоқ.