×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Қанттың 60%-ға жуығы – импорт: үкімет отандық өндірісті ұлғайтуға неге қауқарсыз

19.06.2023, 16:58
Қанттың 60%-ға жуығы – импорт: үкімет отандық өндірісті ұлғайтуға неге қауқарсыз
Коллаж: Ulysmedia.kz

Мәжілістегі Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев қант импортының үлесі 58 пайыздан 17 пайызға дейін азайтуға уәде берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Қант қызылшасының орташа жалпы өнімі 5 жыл ішінде (2017-2021 ж.) 450 мың тоннаны құрады, орташа өнімділігі 300 ц/га болды. Басқа өзін-өзі қамтамасыз ететін мемлекеттерде өнімділік 440-480 ц/га құрап отыр (Ресейде – 437 ц/га, Беларусьте – 485 ц/га, Украинада-445 ц/га). Яғни еліміздегі өнімділік деңгейі төмендеу», - деді министр.

Қарашөкеевтің сөзінше, саладағы жоғары шығындар мен өндірістің төмен рентабельдігі, сондай-ақ сумен қамтамасыз ету қиындықтары қант қызылшасы егістіктерін ұлғайтуға кедергі болып отыр.

«Қант қызылшасының егіс алаңдарын кеңейтуді, жаңа суармалы жерлерді енгізуді, су үнемдейтін технологияларын іске қосуды, тұқым шаруашылығын дамытуды, сондай-ақ жаңа инновациялық зауыт салуды қамтитын 2026 жылға дейін қант саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспар әзірленіп, бекітілді. Орта мерзімді перспективада жергілікті қызылшадан қанттың ішкі қажет көлемін 43 пайызға қамтамасыз ету үшін егіс алаңы оңтүстік өңірлерде ұлғаяды. Отандық шикізаттан қант өндіру 250 мың тоннаға дейін өседі, сондай-ақ ақ қант импортының үлесі 58 пайыздан 17 пайызға дейін төмендетіледі», - деп уәде берді ол.

Еске салайық, бұдан бұрын депутат Серік Егізбаев қант өндірушілерге мемлекеттік қолдауға артқанымен, өндіріс көлемі, керісінше, азайып кеткенін айтқан еді. Оның дерегінше, 2020 жылы отандық шикізат негізінде ішкі сұраныстың 9% қамтамасыз етілген болса, ол 2021 жылы – 7%, ал 2022 жылы - 6% дейін төмендеген.