×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

Қазақстандықтардың жан басына шаққандағы шынайы табысы күрт төмендеді

23.06.2023, 12:11
Қазақстандықтардың жан басына шаққандағы шынайы табысы күрт төмендеді
Коллаж: Ulysmedia.kz

Биылғы І тоқсанда Қазақстан халқының жан басына шаққандағы номиналды табысы 10,7% өскен. Бірақ, жылдық мәндегі инфляция мен азық-түлік бағасының, қызметтер ақысының артуына байланысты табыстың өсімін қымбатшылық еселеп жұтып жатыр. Салдарынан халықтың шынайы табысы былтырғы І тоқсанмен салыстырғанда 5,2% төмендеген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігінің 2023 жылдың І тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысында айтылған.

«Алдын ала бағалау бойынша, 2023 жылғы қаңтар-мамырда жалпы ішкі өнімнің өсуі 2022 жылғы қаңтар-мамырға қарағанда 4,5% болды. Тауарлар өндірісі – 3,6%, көрсетілетін қызметтер өндірісі 4,9% өсті. 2023 жылғы мамырда жылдық мәндегі инфляция 15,9%-ға жетті. Азық-түлік тауарларының бағасы – 16,5%, азық-түлік емес тауарлардың бағасы 17,2%, ақылы көрсетілетін қызметтердің бағасы 13,5% артты. Халықтың жан басына шаққандағы ақшалай кірістері 2023 жылғы сәуірде 167 мың теңге болып, номиналды мәнде – 10,7% өссе, нақты мәнде 5,2% төмендеді», - делінген мәліметте.

Сәйкесінше, орташа айлық жалақы 2023 жылғы сәуірде 347,6 мың теңге болып, 2022 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда номиналды мәнде – 15,2% артып, нақты мәнде 1,4% төмендеген. Ал, жұмыссыздық деңгейі 2023 жылғы I тоқсанда 4,8% болып отыр.

Айта кетейік, 19 сәуірде Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Тоқаев елімізде инфляция соңғы 15 жылда болмаған деңгейге жеткенін айтып, үкімет мүшелерінің бағаны ұстап тұруға бағытталған қадамдарынан еш нәтиже жоғын мәлімдеді.

“Жұрттың ай сайын жұмсайтын қаржысының тең жартысынан көбі азық-түлік алуға кетеді. Үкіметтің әрекеті жеткіліксіз болып отыр. Тыйым салу және шектеу шаралары уақытша ғана әсер етеді. Мұндай қадамдар қиындықтың бетін қайтарса да, одан біржола құтылуға мүмкіндік бермейді, тіпті, мәселені ушықтырады деуге болады”, – деді мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, жуырда Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев халықтың орташа табысы мен қымбатшылық жайлы ресми статистика шындыққа сай келмейтінін айтты.