«Өзенмұнайгаз» АҚ және оның мердігер ұйымдарында жүргізілген тексеру жұмыстарының негізгі қорытындысы жарияланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Қазмұнайгаз» баспасөз қызметінің мәліметінше, тексеру жұмыстарын жүргізген арнайы жұмыс тобы ҚМГ-нің, еншілес және тәуелді мекемелердің 50-ден астам қызметкерлерінен құрылды. Сарапшы ретінде Денсаулық сақтау министрлігі (17), Төтенше жағдайлар министрлігі (6), Экология және табиғи ресурстар министрлігі (5), Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің (18) өкілдері шақырылды. Шаруашылық қызметтің 55 нысанына, соның ішінде ӨМГ-нің 17 өндірістік құрылымдық бөлімшесі, ҚМГ-нің 8 мұнай сервис мекемесі және 30 мердігер ұйым бойынша талдау жұмыстары жүргізілді.
ӨМГ-нің қаржы-экономикалық қызметін талдау нәтижелері бойынша 118 бұзушылық пен сәйкессіздік анықталды, соның ішінде:
7 факт құқық қорғау органдарына берілді;
10 мәселе бойынша қызметтік тергеу жүріп жатыр;
101 мәселе бойынша жауапты адамдарға тәртіптік жаза қолданылады.
Мәселен, ӨМГ-дың жалған түрде сырттан жұмысшыларды жалдағаны туралы ақпарат тексерілді. ӨМГ-ға келтірілген шығын көлемі алдын ала есеп бойынша, 47 млн теңге шамасында екені анықталды.
Сонымен қатар, 2022-2023жж. ӨМГ және «БерАли Мангистау Company» ЖШС арасында жасалған келісімшартқа сәйкес, орындалған жұмыс актілеріне талдау жүргізу нәтижесінде жұмыс уақыты шамадан тыс, 311 бригада-сағатты немесе 27,8 млн теңгені қамтығаны, сондай-ақ, 69 млн теңге көлемінде жұмыстың орындалмағаны анықталды. Нәтижесінде 97 млн теңге артық төленді.
Одан бөлек, ӨМГ компаниясына жұмысқа алу алгоритмі бұзылғаны анықталды. Бекітілген ережеге сәйкес, жұмыс іздеушілер кезегі келгенде алдымен қаланың коммуналды кәсіпорындарында қызмет етіп, кейін ӨМГ аутстаффингінде (сырттан жалданып) жұмыс істеген соң компанияда бос орындар пайда болған кезде ғана штатқа қабылдануы тиіс. Мысалы, жұмысқа қабылдануы тиіс әкімшіліктің тізіміне кірген 44 адам қаланың коммуналды кәсіпорындарының тізімінде жоқ болып шықты («ӨзенИнвест» МКК, «Таза су» ЖШС және «Verity Group» ЖШС). Анықталған факт бойынша материалдар Жаңаөзен қ. прокуратурасына жіберілді.
“Тексеру нәтижесінде сирек қолданыстағы мамандық иесі ретінде жұмысқа қабылданған 238 адамның 17-нің біліктілігі жоқ болып шықты. Тағы 33 адам қысқа мерзімде компаниядағы өзге қызметтерге ауысып кеткен. Демек, сирек қолданыстағы мамандық иесіне деген сұранысты штатқа қабылданудың амалы ретінде пайдаланған. Сонымен қатар, Маңғыстау облысы оқу орындарының жалған сертификаттары ӨМГ компаниясының штатына кіру үшін пайдаланылғаны туралы фактілер де тиісті органдардың тексеруіне жіберілді. Одан бөлек, «Өзенмұнайгаз» АҚ Корпоративті оқу орталығының хаттамасында комиссия мүшелерінің атынан әлдекімдер жалған қол қойып, жұмысқа қабылдау процедурасынан өтпеген адамдарды инженер қызметіне қабылдағаны туралы факті анықталды”, – делінген хабарламада.
ӨМГ-нің өндірістік процестерін тексеру қорытындыларына келсек, жұмыс орнынан уақытынан бұрын кету және көлікті гаражға ерте өткізу фактілері анықталған. Бірқатар басқармада 2023 жылдың 4 айында шамамен жұмыс уақытының 170 000 сағаты орындалмаған, өндірістен тыс шығыс мөлшері шамамен 1,2 млрд теңгені құраған. Бұрғылау жұмыстары басқармасында 205 автокөліктің 199-ына GPS-трекер орнатылған, алайда олардың тек 70-і жұмыс істеп тұр.
Сонымен қатар, ұңғымаларды жерасты жөндеу жұмыстары барысында технологиялық регламенттің сақталмауы байқалады. Ұңғымаларды жерасты жөндеу бригадасы жоспарды орындау үшін кенжарды жуу/ тазарту және ұңғымаларды сапалы сөндіру секілді негізгі жұмыстарды сирек атқарған.
Одан бөлек, ұңғымалардың тоқтап қалуына жол бермеу үшін жөндеу аралық кезеңде профилактикалық және реанимациялық жұмыстар орындалмайды.
Жөндеу бригадалары қабылдау көпірлері, превенторлар, шарлы крандар, гидрокілттер, спайдерлермен дұрыс қамтылмаған. Мұның барлығы ұңғымалардың беріктігі мен қауіпсіздігіне әсер етеді.
Сатып алу және өндірісті қамту саласында да олқылықтар анықталды. Мәселен, тексеру кезінде 2023 жылға арналған сатып алу жоспары 65%-ға орындалған, соның ішінде тауар позициялары бойынша бар-жоғы 58% қамтылды, яғни тауар ұсыныстарының 42% бойынша келісімшарттар жасалмаған. Келісімшарт жасалған 61 позиция бойынша орындау мерзімі сақталмаған. Тендер құжаттамасының нашар әзірленуіне байланысты қызмет көрсету мен жұмыстар бойынша 14 сатып алу ұсынысы тоқтатылды.
Дер уақытында орындамаудың басты себептері — тауар бағаларының әлсіз маркетингі, техникалық құжаттардың сапасыз әзірленуі, бақылаудың нашар болуы және жабдықты жасап шығару процесін сол жерге барып бақылау тәжірибесінің жоқтығы.
Келісімшарт жасалып қойған позициялар бойынша кешіктіріп орындау фактілері де анықталды. Тексеру кезінде жылдық көлемнің 36% ғана орындалған, кешіктірудің негізгі себебі — міндеттердің орындалуына бақылаудың жоқтығы, міндеттерін орындамағаны үшін келісімшартты бұзу жағдайлары тіркелмеген.
Жоғарыда аталған деректердің барлығы түптеп келгенде тауарлар мен материалдық құралдардың жетіспеушілігін, өндірісті уақтылы қамтамасыз етпеу және еңбек ұжымдары арасында наразылықтың өршуіне негіз болды.
Айта кетейік, бұдан бұрын «Өзенмұнайгаз» тендерлерінің заңдылығын Бас прокуратура тексеретіні хабарланған.
Өткен айда Жаңаөзен қаласына барған «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ жұмыс тобы «Өзенмұнайгаз» АҚ қызметінен бірқатар заңбұзушылықтарды анықтады.
Сондай-ақ, лауазымын асыра пайдаланды деген айыппен компания бас директорының орынбасары ұсталды.