Ұлытау облысында ірі еңбек дауы өршіді. Kazakhmys корпорациясына қарасты бірнеше кеніштің жұмысшылары жұмысты тоқтатып, ереуілге шыққан, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Жұмысшылар нені талап етті?
Шахтерлер компания басшылығына бірнеше талап қойды. Олардың негізгі талаптары – жалақыны көтеру және жоғары лауазымды басшының қызметінен кетуі.
Жұмысшылар «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары Саят Бакировтың жұмыстан босатылуын талап етуде. Ереуілге шыққан жұмысшылардың айтуынша, оның қызметке келуінен кейін кәсіпорында қысым көрсету көбейіп, ұжымда талаптар күшейтілген.
Ұлытау облысы әкімдігі жағдайға қатысты түсініктеме беріп, ахуалдың бақылауда екенін мәлімдеді. Жергілікті биліктің ақпараты бойынша, Саят Бакиров Оңтүстік Жезқазған кенішінің №65 шахтасының ұжымымен кездесу өткізген. Кездесуге шамамен 100 адам қатысқан.
– Кездесу барысында нақты ұсыныстар әзірлеу және басқарма төрағасы Р. Өскенәлімен өтетін кездесуге қатысатын бастамашыл топтың құрамын анықтау мәселелері қарастырылуда. Жағдай бақылауда. Қоғамдық-саяси ахуал тұрақты, – деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Алғашқы ереуіл емес
Бұл «Қазахмыстағы» алғашқы еңбек дауы емес. 2024 жылдың желтоқсан айында да 250-ден астам шахтер жалақыны көтеруді және еңбек жағдайларын жақсартуды талап етіп, жұмысқа шығудан бас тартқан болатын. Сол кезде компания бастапқыда жұмысшылардың талаптарын орындаудан бас тартқанымен, кейін тараптар келіссөз жүргізді.
Компаниядағы қайта құру
Ереуіл «Қазахмыстың» меншік иесі ауысқаннан кейін бірнеше ай өткен соң болып отыр. 2025 жылдың соңында кәсіпкер Нұрлан Артықбаев корпорацияны Владимир Ким мен Эдуард Огайдан сатып алған. Осы мәміледен кейін компанияда қайта ұйымдастыру жұмыстары басталып, басқарушы құрам өзгерген.