×
498.55
524.28
4.75
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.55
524.28
4.75

ISW талдауы: Мәскеуді алуға бекінген "Вагнер" неге кері шегінді

26.06.2023, 09:21
ISW талдауы: Мәскеуді алуға бекінген "Вагнер" неге кері шегінді
molva33.ru

Соғысты зерттеу институтының (ISW) сарапшылары "Вагнердің" Мәскеуге сәтсіз жорығын және олардың жетекшісі Евгений Пригожиннің тағдырын талдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Есепте Кремльдегі аты аталмаған дереккөздерге сілтеме жасаған Ресейдің оппозициялық басылымы Meduza-ның ақпараты келтірілген. Ақпаратқа сүйенсек, 24 маусымда “Вагнер” содырлары Ростов-на-Донудан солтүстік бағытта Мәскеуге қарай жылжып бара жатқанда Пригожин Ресей Президентінің әкімшілігімен байланысуға тырысқан, бірақ Путин Пригожинмен сөйлесуден бас тартқан.

Meduza Пригожин “Вагнердің” іс-әрекетіне әскери қолдаудың аздығын байқап, оның болашағы туралы пікірін өзгерткеннен кейін, Кремль Лукашенконың, Ресей Федерациясының Президенті  кеңсесінің басшысы Антон Вайноның және Ресейдің Беларуссиядағы елшісі Борис Грызловтың қатысуымен келіссөздерге көшкенін атап өтті.

Сарапшылардың сөзінше, “Вагнердің” қарулы көтерілісінің салдары белгісіз, келісім жүзеге асырыла ма, барлық тартылған тараптар оны толығымен орындай ма, Кремль мен Ресей Қорғаныс министрлігі “Вагнердің” жеке құрамымен не істеуге ниетті, “Вагнер” содырлары Пригожиннің қалауына қарамастан ынтымақтастыққа бара ма, жоқ па – бұл да беймәлім.

Олардың пікірінше, Ресей Қорғаныс министрлігінің басшылығы үшін Лукашенко-Пригожин келісімінің салдары екіұшты болып қала береді.

Есепте атап өтілгендей, кейбір ресейлік дереккөздер Тула облысының қазіргі губернаторы, Путиннің бұрынғы күзетшісі Алексей Дюмин Шойгудың орнына Қорғаныс министрі бола алады деп болжайды, дегенмен ISW бұл болжамдарды растай алмайды.

"Қорғаныс министрлігінің басшылығындағы кез  келген өзгеріс Пригожиннің маңызды жеңісі болар еді, ол өзінің қарулы көтерілісін Шойгу мен Герасимовтың Украинада ондаған мың ресейлік сарбаздардың өліміне қатысты тікелей айыптауларымен түсіндірді", - делінген шолуда.

24 маусымда Мәскеуге жақындаған “Вагнер” бөлімшелерінің құрамы туралы жаңа мәліметтер Пригожиннің қосымша қолдаусыз ел астанасында белсенді қимыл жүргізе алмайтындығын көрсетеді. Сондықтан Пригожин Лукашенконың ығына оңай жығылды.

Сонымен қатар, есепте “Вагнердің” Қарулы көтерілісі Ресей әскерлерінің Украинада шабуыл және қорғаныс операцияларын жүргізу қабілетіне айтарлықтай ықпал етпегені айтылған.

Еске салайық, 24 маусымға қараған түні “Вагнер” ЖӘК басшысы Евгений Пригожин Ресей қорғаныс министрлігін соққы берді деп айыптап, қарулы қақтығыс басталғанын мәлімдеген. Ол науқанның мақсатын «Ресей Қорғаныс министрлігінің басшылығын жауапқа тарту» деп атады. ЖӘК басшысы «Президенттік билік, үкімет, Ішкі істер министрлігі және басқа да құрылымдар Қазақстандағы жұмысты жалғастырады» деп сендірді. 

Путин Пригожинді «сатқындық жасады» деп айыптап, бүлікті басуға бұйрық бергенін мәлімдеді.

Путиннің мәлімдемесіне берген жауабында “Вагнер” Ресейде жаңа жуырда жаңа президент болатынын айтты.

Көп ұзамай Ресейлік ФСБ «Вагнер» ЖӘК басшысы Евгений Пригожинге қатысты қылмыстық іс қозғады.

Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігі әскери-саяси жағдайдың шиеленісуіне байланысты Қазақстан азаматтарына үндеу жолдады. Қазақстандықтардан жақын арада Украинамен шекаралас Ресей территорияларына бармауды сұрады.

Алайда Пригожин райынан тез қайтты. Оны қарулы қақтығысты тоқтатуға үгіттеген – Беларусь президенті Александр Лукашенко. Бұл туралы РФ президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлімдеді. Ол Пригожинге қарсы қылмыстық іс тоқтатылатынын, оның Беларуське кететінін жеткізді.

25 маусымға қараған түні  «Вагнер» жауынгерлері  Дондағы Ростовтағы Оңтүстік әскери округінің штаб-пәтері маңындағы аумақты тастап кеткені мәлім болды.