Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы «Зекет» қорының директоры Мақсатбек Қайырғалиев садақадан түскен ақша қайда жұмсалатынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Садақадан түскен ақша мұқтаждарға барады. Жалпы бізде мұқтаждарға көмек көрсету алгоритмі қамқоршылық кеңеспен бекітілген. Мұқтаждар келіп, өздері өтініш жазады. Олардың өтініштеріне қарай, біз оларды жалпы базаға кіргіземіз. Жалпы базаға кірген кезде олардың мұқтажы қайсы, мұқтажырағы қайсы – соған байланысты оларға коэфицент береміз. Мысалы бір отбасы көпбалалы отбасы болса, оған 1 деген коэфицент береміз. Бірақ бір отбасында көпбалалы және мүгедек баласы бар, асыраушысы жоқ отбасы болса, оған 2 деген коэфицент беріледі. Сол коэфицентке қарай оларды басымдыққа садақадан түскен ақшаға, зекеттен түскен ақшаға өтініштері негізінде көмек беріледі”, – деді ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихаты барысында.
Айта кетейік, 28 маусымда Құрбан айт мерекесі басталады. Биыл Арапа күні 27 маусымға, Құрбан айт күндері 28-30 маусымға тура келіп тұр. Құрбан айттың алғашқы таңында еліміздің барлық мешіттерінде Айт намазы оқылады. Айт намазынан кейін үш күн ішінде жағдайы бар мұсылмандар құрбан шалуы қажет. Құрбан шалуға ниетті мұсылман қауымға қойылатын арнайы талаптар бар.
«Құрбан шалу уәжіп болу үшін мына шарттар сақталуы қажет. Құрбан шалатын адамның ақыл-есі бүтін болуы, балиғат шағына толған, мұсылман болу, құрбан айт уақытында жолаушы болмауы керек. Сонымен қатар негізгі қажеттіліктен тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу. Нисап мөлшері – 85 грамм алтын яғни құнына тең келетін ақша. Зекет ғибадаты сияқты құрбанның уәжіп болуы үшін нисап мөлшеріне жеткен малға бір жыл толуы шарт емес. Құрбан шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек. Өйткені, мал құлшылық мақсатында сойылады. Ал нисап мөлшерінде артық қаражаты болмаса да кедей мұсылманның құрбан шалуына болады. Шалған құрбандығы нәпіл құрбан үкімінде болады», - деді ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров.