Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Алматы қаласының жер қатынастары саласындағы жүйелі бұзушылық фактілері бойынша қылмыстық істерді тергеуді жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Антикордың хабарлауынша, мемлекет қажеттілігі үшін әкімшілік тарапынан жер учаскесін сатып алғаны үшін жеке басына 45 млн теңге сомасында пара алған қалалық жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін атқарушыға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталған. Ол қамауға алынды.
Тергеу сонымен қатар осы басқарманың лауазымды тұлғалары аффилиирленген бағалаушының көмегімен жеке жер иелерінің мүддесі үшін мемлекеттік сатып алуға жататын 8 учаскенің құнын негізсіз көтергені анықтады. Мемлекет осы учаскелердің иелеріне шамамен 7,5 млрд теңге артық төлеген.
«Бұл ретте бағалаушының бір объект үшін көрсетілетін қызметтерінің құны 2021 жылы орташа есеппен 68 теңгені және 2022 жылы 10 теңгені құраған. Сонымен қатар, қолданыстағы заңнаманы өрескел бұзушылықтар Алматы қаласы Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының қызметінде де анықталды. Басқарманың лауазымды адамдары мемлекет мүддесіне қайшы, жеке тұрғын үй құрылысына арналған учаскелерде коммерциялық мақсатта 11 көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысын келіскені анықталды», - делінген хабарламада.
Осының салдарынан мемлекетке аталған жер учаскелерінің жалпы сомасы 760 млн теңгеден астам төленбеген кадастрлық құны түрінде залал келтірілген. Барлығы 470-тен астам жер учаскесі тексерумен қамтылған.