Жетісу облысының прокуратурасы бюджет қаражатын ұрлады деген күдіктілерді ұстады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жетісу облысы прокуратурасының арнайы прокурорлары мемлекеттік қаражатты жымқырды деген күдікпен құрылыс бөлімінің бұрынғы басшысы, Талдықорған қаласы әкімдігінде жұмыс істеп жүрген екі қызметкері, сондай-ақ техникалық қадағалаудың екі қызметкері ұсталып, олар уақытша оқшаулағышқа қамалған.
Олар Талдықорған қаласында коттедж қалашығын салу кезінде бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде ұрлады деп күдікке ілінген.
«Жұмыстарды нақты орындамай, олар мердігерге 500 млн теңгеден астам сомаға бюджет қаражатын төлегені анықталды. Осы факт бойынша ҚК-нің 189-бабы, 2-тармағының 4-бөлігі (сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе ысырап ету) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Осы баптың санкциясы 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастырады», - деп хабарлайды Бас прокуратурадан.