Бұл туралы Үкімет кулуарында ведомство басшысы Зүлфия Сүлейменова айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
– Әзірге апатты жою жұмыстары аяқталған жоқ. Екі аптадан кейін арнайы жұмыс тобы құрылып, өрт болған аумаққа барып, келтірілген шығын көлемін есептейді. Аймақ экологиясына қандай залал келгені жөнінде қандай да бір ақпараттар жарияланып жатқан болса, бұл адамдардың тұспалдап, жобалап айтып жатқан деректері, ресми мәліметтер емес, - дейді министр.
Еске салайық, “Семей орманы” аумағында өрт 8 маусымда тұтанған болатын. 9 маусым күні кешке қарай оның аумағы 60 мың гектарға дейін ұлғайып үлгерді. Осыған байланысты Семей қаласында төтенше жағдай жарияланды.
Абай өңірінде ел тарихындағы ең ірі өртке байланысты Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Юрий Ильин қызметінен босатылып, жаңа министр тағайындалды. Абай облысының әкімі өз міндетін дұрыс атқармағаны үшін сөгіс алды.
Өртпен арпалысып жүріп 14 адам қаза тапты. «Семей орманы» Новошульба филиалының 14 қызметкерінің фотосуреттерін Экология министрі Зүлфия Сүлейменова жариялады. Мемлекет басшысы шетелге сапарынан бас тартып, өңірге арнайы барып, қаза тапқан орманшылардың отбасына көңіл айтты.
Қаралы қайғыға байланысты 12 маусым елімізде Аза тұту күні болып жарияланды.
Абай облысына аттанған үкіметтік комиссия тергеу жүргізіп, өртті сөндіру кезінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының бұзылуына жол берген адамдарды анықтамақ.
Сондай-ақ, бұдан бұрын ІІМ басшысы Марат Ахметжанов өртті дер кезінде ауыздықтай алмаған экс-министр Юрий Ильиннің әрекеті тексерілетінін мәлімдеді.
Ал Бас прокуратура борман өртінің шығуы себебі бойынша үш нұсқа тексеріліп жатқанын айтты.
Сондай-ақ, бұдан бұрын хабарлағанымыздай, ҚР Бас прокурорының орынбасары Жандос Өмірәлиев Абай облысындағы орман өрті бойынша өз қызметіне салғырт қараған шенеуніктер қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеген.